Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адам 40 жылдан бері өзгенің қылмысы үшін жазықсыз түрмеде отыр

клер

Фото: azerbaycan24.com

АҚШ-та жазықсыз ер адам өзгенің қылмысы үшін 40 жылын түрмеде өткізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Straight Arrow News (SAN) сілтеме жасап хабарлайды.

Кеннет Клер 1984 жылы Калифорния штатының Санта-Ана қаласында күтуші болып жұмыс істеген 25 жастағы Линда Фэй Роджерс есімді әйелдің өліміне байланысты қамауға алынған. Ол кезде Клер баспанасыз жүрген және қылмыс жасалған үйдің жанындағы қараусыз қалған ғимаратта тұрған. Қылмыскер үйге баса-көктеп кіріп, Роджерсті зорлап, өлтіріп кеткен. Қылмыс кезінде үйдің басқа бөлмесінде үй иелерінің балалары және күтушінің ұлы ұйықтап жатқан.

Клерге қарсы айып оның бұрынғы сүйіктісінің айтқандарына негізделген. Ол Клер қылмыс болған үйден бір заттарды алып шықты деп мәлімдеген. Әйел оны жасырын микрофонмен кездесуге көндіріп, кінәсін мойындатпақ болған, бірақ Клер ештеңені мойындамаған. Сонымен қатар Роджерстің қараған баласы үйде бейтаныс ақ нәсілді ер адамды көргенін айтқан, ал Клер — афроамерикалық. Қылмыс орнында оның саусақ іздері де, басқа да айғақтар табылмаған. Соған қарамастан, алқабилер соты оны кінәлі деп таныды. Клер өзіне тағылған айыптарды мойындамай, бөтен адамның қылмысы үшін жауапқа тартылып жатқанын айтқан.

Содан бері құқық қорғаушылар Клердің ісін қайта қарауды талап етіп келді. 2023 жылы сот қылмыс орнынан табылған айғақтар мен ДНҚ үлгілерін қайта зерттеуге келісім берді. 20 үлгі тексерілген, бірақ бірде-бірі Клерге тиесілі емес болып шықты. Жәбірленушінің адвокатының айтуынша, Клердің кінәсін дәлелдейтін ешқандай нақты айғақ жоқ. Керісінше, зерттеу барысында белгісіз екі ер адамға тиесілі жаңа ДНҚ-профильдер анықталып, олар қылмыскер болуы мүмкін деген болжам жасалды.

Қазір Клердің ісін қайта қарату үшін күресіп жүрген белсенділер оны босатуды округ прокуратурасынан талап етіп жатыр. Прокуратура өкілі бұл өтініш жақын арада қаралатынын мәлімдеді.

Назархан Уән
Жексенбі, 08 Маусым, 2025 17:46
Талқылау