Эпштейн ісі: Трамп әкімшілігі іске қатысты материалдарды жариялады, бірақ толық емес әрі қатты өңделген

АҚШ Әділет министрлігі Джеффри Эпштейн ісіне қатысты барлық материалды Конгресс жуырда қабылдаған заңда белгіленген мерзімде толық жарияламады. Құжаттардың көп бөлігінде ауқымды қысқартулар бар, ал бірнеше файл жарияланғаннан кейін көп ұзамай қолжетімсіз болып қалды. Бұл педофилдің әрекеттеріне қатысты тергеудің барлық архивін ашуды талап еткен көптеген адамдардың көңілін қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заң бойынша Әділет министрлігі барлық материалды өткен жұма кешіне дейін жариялауға тиіс еді. Алайда құжаттардың тек бір бөлігі ғана жарияланды, оның өзінде көптеген тұстары өшірілген.
Құжаттардың жариялануын талап еткен заң шығарушылар министрліктің бұл әрекетін шынайы емес деп бағалады. Ал кейбір заңгер-сарапшылардың айтуынша, материалдардың толық жарияланбауы тоқтаусыз жалғасып келе жатқан қастандық теорияларына одан әрі май құяды.
“Біз бұл қылмыстарға қатысты барлық дәлелдердің ашық жарияланғанын ғана қалаймыз”, – деді Би-би-си-ге Эпштейннің құрбандарының бірі Лиз Стейн.
Стейннің айтуынша, Әділет министрлігі “Эпштейн ісіне қатысты құжаттардың ашықтығы туралы актіні ашық түрде бұзып отыр”. Бұл заң барлық құжатты жариялауды талап етеді.
Оның сөзінше, Эпштейн құрбандары “ешқандай контекстсіз, толық емес ақпараттың баяу жариялану мүмкіндігіне” алаңдап отыр.
Эпштейн тарапынан 14 жасында жәбір көрген Марина Ласерда да Би-би-си-ге оның кейбір құрбандары “қалған файлдардың қалай жарияланатынына әлі де алаңдап, күмәнмен қарайтынын” айтты.
“Біз олардың бұрынғыдай қатты өңделе беретініне қатты алаңдаймыз, – деді ол. – Уақытты созып, назарымызды басқа нәрселерге бұрып отырғандары көңілімізді қалдырды".
Жарияланған құжаттардың ішінде Эпштейннің қазіргі уақытта түрмеде отырған сыбайласы Гислейн Максвеллмен бірге Ұлыбритания премьер-министрінің резиденциясы – Даунинг-стрит маңында түскен фотосы бар. Сондай-ақ Эпштейннің 14 жастағы қызды АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамппен Мар-а-Лаго резиденциясында таныстырғаны туралы айтылатын құжат және бұрынғы президент Билл Клинтонның бірнеше фотосуреті жарияланған.
Басқа суреттерде Эпштейн үйлерінің ішкі көріністері, оның шетелдік сапарлары, сондай-ақ Эндрю Маунтбеттен-Виндзор, Мик Джаггер, Майкл Джексон, Диана Росс және Ұлыбританияның бұрынғы лейборист саясаткері әрі АҚШ-тағы елшісі Питер Мандельсон сияқты танымал тұлғалар бейнеленген.
Құжаттарда аты-жөні аталу немесе фотода көріну өздігінен құқық бұзушылықты дәлелдемейді. Эпштейн ісіне байланысты қазіргі немесе бұрын жарияланған материалдарда аталған көптеген адамдар қандай да бір заңсыз әрекеттерді жоққа шығарады.
Трамп Эпштейнге қатысты кез келген заңбұзушылықты үнемі теріске шығарып келеді. Эпштейн құрбандары Трампты да, Клинтонды да қылмыста айыптаған жоқ. Клинтон Эпштейннің жыныстық қылмыстары туралы білгенін жоққа шығарды.
Жұма күні жарияланған файлдардың кем дегенде 15-і сенбі күні Әділет министрлігінің сайтында қолжетімсіз болып қалған.
CBS мәліметінше, жоғалып кеткен суреттердің бірінде үстел үстінде тұрған көптеген рамкадағы фотосуреттер бейнеленген. Олардың бірінде Билл Клинтон, екіншісінде Рим Папасы бар. Ал ашық тартпада Трамп, Эпштейн және Максвелл бірге түскен фото тұрған.
Жоғалған басқа файлдардың ішінде массаж үстеліне ұқсас зат тұрған бөлменің суреттері мен жалаңаш адамдардың фотосуреттері мен картиналары болған.
Файлдардың не себепті сайттан жоғалып кеткені белгісіз.
Сенбі кешінде жарияланған хабарламада Әділет министрлігі: “Фотосуреттер мен басқа да материалдар қосымша ақпарат түскен сайын заң талаптарына сай әрі ерекше сақтықпен тексеріліп, өңделе береді”, – деп мәлімдеді.
Би-би-си бұл мәселеге қатысты түсініктеме алу үшін Әділет министрлігіне жүгінді.
Бұрын сайттан алынған фотолардың бірі жексенбі күні қайта жарияланды. Онда үстел үстінде көптеген фотосурет, соның ішінде президент Трамптың фотосы бейнеленген. АҚШ Бас прокурорының орынбасары Тодд Бланштың айтуынша, сурет президенттің фотосы үшін емес, онда бейнеленген басқа адамдарға қатысты сұрақтар туындағандықтан уақытша алынған. “Тексеру нәтижесінде фотода Эпштейн құрбандарының бейнесі жоқ екені анықталып, сурет еш өзгеріссіз қайта жарияланды”, – деп хабарлады Әділет министрлігі X желісіндегі парақшасында.
Жұма күні Бланш ведомство Эпштейннің 1200-ден астам құрбанын немесе олардың туыстарын анықтағанын және оларды анықтауға мүмкіндік беретін материалдарды ұстап қалғанын айтты.
Соған қарамастан, жарияланған құжаттардың көпшілігінде де көптеген қысқартулар бар.
Әділет министрлігі Конгрестің құжаттарды жариялау талабын белгілі бір шектеулермен орындайтынын мәлімдеді.
Олар Эпштейн құрбандарының жеке деректерін, балаларға жасалған жыныстық зорлықты бейнелейтін материалдарды, физикалық зорлық көріністерін, “жүріп жатқан федералдық тергеуге қауіп төндіруі мүмкін” жазбаларды және “ұлттық қорғаныс немесе сыртқы саясатты” қорғау мақсатында құпия қалуы тиіс құжаттарды өшірген.
Министрлік “саясаткерлердің атын өшірмейміз” деп мәлімдеп, Бланшқа тиесілі мына сөзді келтірді: “Құжаттар тек заң талап ететін жағдайда ғана өңделеді. Біз жеке тұлғалар мен саясаткерлердің атын, егер олар құрбан болмаса, өшірмейміз”.
Қылмыстық істер бойынша адвокат Джон Дэй Би-би-си-ге қысқартулардың көптігіне таң қалғанын айтты.
“Бұл қастандық теорияларын қолдайтындар үшін отқа май құюмен тең, – деді ол. – Мұнша көп қысқарту болады деп ешкім ойламаған шығар. Бұл Әділет министрлігінің заңды қаншалықты дәл орындап отырғанына сұрақ тудырады”.
Ол сондай-ақ министрлік файлдар жарияланғаннан кейін 15 күн ішінде Конгреске барлық өңдеулердің тізімін ұсынуға міндетті екенін атап өтті.
“Не өшірілгенін білмейінше, ненің жасырылғанын да білмейсіз”, – деді ол.
Эпштейн мен Максвелл істерін қараған судьяларға жолдаған хатында Нью-Йорктің Оңтүстік округінің прокуроры Джей Клейтон фотосуреттердегі әйелдердің беттерін бұлыңғырлауды құрбандардың құпиялығын қорғау қажеттілігімен түсіндірді.
Ол “бұл тәсіл кейбіреулерге шамадан тыс көрінуі мүмкін”, бірақ заңда белгіленген қысқа мерзімде құрбандарды қорғау үшін сақтық танытқан дұрыс деп есептейтінін айтты.
Лейбористер партиясынан Лордтар палатасының мүшесі, құқық қорғаушы адвокат баронесса Хелена Кеннеди құжаттардағы қысқартулар құрбандарды қорғау мақсатында жасалғаны айтылғанын жеткізді.
“Билік әрдайым адамдардың қоғамдық айыптауға ұшырауынан қауіптенеді”, – деді ол Би-би-си-ге.
Оның айтуынша, Эпштейннің көптеген құрбандары бұл материалдардың жариялануына “өте мүдделі”, бірақ "онда нақты не барын білсе, мүмкін онша қызығушылық танытпас еді”.
Демократ-конгрессмен Ро Ханна, бұл құжаттардың жариялануын талап еткен науқанды республикашыл Томас Массимен бірге басқарған, жариялау “толық емес” екенін айтты. Ол Әділет министрлігіне импичмент жариялау, Конгресті құрметтемеу ретінде тану немесе істі прокуратураға беру секілді нұсқаларды қарастырып жатқанын мәлімдеді.
“Біздің заң олардан нақты не өшірілгенін түсіндіруді талап етеді, – деді Ханна. – Бірақ ешқандай түсініктеме жоқ”.
Масси Ханнаның сөзін қолдап, әлеуметтік желіде болашақ әкімшіліктер Әділет министрлігінің басшысы Пэм Бонди мен басқа қызметкерлерді құжат талаптарын орындамағаны үшін жауапқа тартуы мүмкін екенін жазды.
Оның айтуынша, құжаттардың жариялануы Эпштейн ісіне қатысты заңның “рухы мен әрпін өрескел бұзады”.
Жарияланымнан кейін Ақ үй Трамп әкімшілігін “тарихтағы ең ашық әкімшілік” деп атап, “құрбандар үшін демократтардан да көп жұмыс атқарды” деп мәлімдеді.
ABC News-ке берген сұхбатында Бланштан алдағы апталарда Трамптың аты аталатын Эпштейн ісінің барлық құжаттары жариялана ма деп сұрады.
“Егер ол заңға сай болса – иә, – деді Бланш. – Дональд Трамптың, Билл Клинтонның немесе басқа біреудің аты аталғаны үшін ештеңені жасыруға тырысып отырған жоқпыз. Біз Эпштейнмен байланысты белгілі ерлер мен әйелдердің атын өшірмейміз”.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон атышулы Эпштейн ісі бойынша тергеуге шақыртылғаны хабарланған еді.