Енесі: Келінім Мөлдір екенін білгенімде жақсы сезімде болмадым
Мөлдір Әуелбекованың енесі бастапқыда әнші қыздың келіні болатынына қуанбаған. Өнер адамымен баласының сөз жарастыруы қиын болады деп ойлап, ұлын райынан қайтармақ та болған көрінеді.
Фото: instagram.com/moldir.auyelbekova/
Танымал әнші Мөлдір Әуелбековаға 2015 жылдың 4 желтоқсанында сырға салынып, жат жерге ұзатылған-ды. Артынша араға сегіз күн салып тойын дүркіретіп атап өтті. Жолдасының өнерге еш қатысы жоқ. Мұны жақсы білетін енесі әнші қызбен отбасын құрудың қиынға соғатынын айтып, бастапқыда баласын райынан қайтармақ болған көрінеді.
“Әрине, бірден қолдап, жақсы сезімде болған жоқпын. Сен ол қызды жүрегіңмен шын беріліп жақсы көрсең, жылатпауың керексің дедім балама. Сахнада жүрген кез келген адам сол жерді сағынады. Егер қыздың өнеріне кедергі болмаймын, соның барлығына көнемін десең, біз қарсы болмаймыз дедік. Жүрегі қалап тұрған балаға қалайша оны алма деп айтамыз. Өнер жолының қиын екенін, күн кетіп, түн келетінін де айттық”, – дейді енесі Зейнеп ханым “Бенефис-шоу” бағдарламасында.
Мұнымен қатар, Зейнеп ханым елдің еркесі болған әнші қыздың үй шаруасына икемі барына күмәнданған сыңайлы. Десе де, өзіне тиесілі шаруаны тап-тұйнақтай орындап, барлық міндетін дұрыс орындап отырғанын тілге тиек етті.
“Келіндік қызметін істеп, таңертең тұрғанда шайын қояды. Өйткені, инабатты, ибалы. Жүрегінде имандық қалауы бар. Мұндай қызды кім жек көреді. Сахнада тұрған тұрысының өзінде жағымсыз қылық жоқ. Содан ұнайды. Халықтың жүрегінен шыққан адам менің де жүрегімнен шығады”, – дейді енесі.
Ал жолдасы Арыстан мырза аталған бағдарламаға келмеген. Ол жұбайының халық алдына шығуына жағдай жасап, қолдау білдірсе де, камераның сыртында жүруді жөн көрген екен.
“Ол кісінің ешқандай өнерге қатысы жоқ болғаннан кейін “Мен халықтың алдында жүретіндей өнер адамы емеспін” деген пікірде болды. Отағасы болғаннан кейін ол кісінің тілін аламыз”, – деп Әуелбекова жолдасының еш сөзіне қарсы келмейтіндігін жеткізді.
Әнші осы уақытқа дейін Instagram парақшасында енесімен бірге түскен суретін салған болатын. Желі қолданушылары енесінің жүзі суық, мінезі қатаң екенін айтқан. Алайда Мөлдір ханым мұны жоққа шығарып, отбасылық өмірдің бақыт сыйлап, барынша ләззатқа бөлейтінін айтады.
Оқи отырыңыз:
Мөлдір Әуелбекова кезекті бейнебаянын сүйіктісіне арнады
Мөлдір Әуелбекова: “Мен үшін Баян ханымнан артық продюсер жоқ”