Энергетика министрлігі жолақы бағасын көтеруді ұсынған Олжас Байділдиновтен бастарын ала қашты

Фото: Әлеуметтік желіден
Энергетика министрлігі сарапшы Олжас Байділдиновтің автобустарда жолақы құнына қатысты айтқан пікіріне түсініктеме беріп, оның ведомствоға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің хабарлауынша, кейбір ақпарат құралдарында Олжас Байдильдинов "ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі" ретінде көрсетілген материалдар жарық көрген.
"Оның қоғамдық көліктегі жолақы тарифтері туралы айтқан пікірлеріне қатысты министрлікке сұраныстар түсіп жатыр. Олжас Байдильдинов ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі болып табылмайды. Қоғамдық көлік тарифтеріне қатысты айтқан пікірлері оның жеке көзқарасы және мемлекеттік органдардың ресми ұстанымын білдірмейді", – деп хабарлады ведомство.
Министрлік атап өткендей, қоғамдық көлік қызметтерінің тарифін қалыптастыру жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің құзыретіне жатады.
"Бұл мәселе Энергетика министрлігінің қызмет саласына кірмейді және оның күн тәртібінде жоқ", – делінген ведомство жауабында.
Еске салайық, бұған дейін мұнай және энергетика саласының сарапшысы Олжас Байділдинов бұған дейін де қоғам назарын өзіне аударған еді. 2022 жылғы "Қанды Қаңтар" оқиғасы алдында ол сұйытылған газдың бағасын өсіруді және нарықтық баға қалыптастыруды қолдайтынын мәлімдеген еді. Бұл пікірі қоғамда үлкен наразылық тудырып, сынға ұшыраған. Енді сарапшы қоғамдық көліктегі жолақыны 500 теңгеге дейін көтеру қажет деген ұсыныс айтып, қайтадан жұртшылықтың қарсылығына тап болды.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік