Енді SIM-карталарды байланыс операторларының кеңсесінен тыс жерде сатқан кәсіпкерлер айыппұл арқалайды
Фото: freepik.com
Қазақстанда SIM-карталарды енді ресми байланыс операторлары ғана сата алады. Бұдан былай SIM-карталарды жасырын саудалайтын кәсіпкерлерге айыппұл салынбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews желілік басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Таяуда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс қызметтерін көрсету ережелеріне өзгерістер енгізетін бұйрық жобасын жариялады. Құжатта түзетулер күшіне енген кезде Қазақстанда SIM-карталарды тек байланыс операторларынан сатып алуға болатыны айтылған. Идея авторларының пікірінше, бұл алаяқтық әрекеттердің санын азайтуға мүмкіндік береді.
"Нормада байланыс операторларының нөмірлерін тек байланыс операторларының ресми бөлімшелерінен сатып алуға болатыны нақтыланған", - делінген министрлік хабарламасында.
Осыған байланысты ұялы телефондар, басқа да гаджеттер мен оларға арналған аксессуарлар сататын дүкендер, сондай-ақ супермаркеттер мен үй маңындағы дүкендер бұдан былай SIM- карталарды сата алмайды. Министрлік мұндай шектеу қазақстандық байланыс операторларының кеңселерінде дүрбелең тудырмайды деп есептейді.
"Бүгінгі таңда нөмірлердің көбі онлайн, е-SIM беру арқылы рәсімделеді. Нөмір алу және рәсімдеу үшін оператор кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Тиісінше, мұндай ереже дүрлігіс тудырмайды деп ойлаймыз. Нөмірлерді байланыс операторларының кеңселерінен тыс жерден сатып алу мүмкіндігін алаяқтар пайдаланып жатыр. Көп нөмір сатып алғаннан кейін, олар оны шетелдеге жібереді", - дейді ведомство өкілдері.
Байланыс операторларының кеңселерінен тыс жерде SIM-карта сатуды жалғастырған кәсіпкерлерге айыппұл салынады.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында айыппұл түріндегі жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр", - деп түсіндірді министрліктегілер мұны.
Мұндай жағдайда қанша айыппұл салынатынын министрлік өкілдері әлі нақтылаған жоқ.
Цифрлық даму министрлігі ұсынып отырған тағы бір жаңалық – бір мезетте сатып алуға болатын SIM-карталардың санын шектеу.
"Бүгінде нормативтік құжаттарда бір адамға тіркелетін нөмірлер саны реттелмеген. Ал Қазақстанда бір адамға мыңнан астам нөмір тіркеліп, кейін алаяқтық мақсатта пайдаланылған жағдайлар анықталып отыр. Қазір депутаттар бір адамға 5-10 нөмірді ғана тіркеуге болатын түзетулерді қарап жатыр. Бұл түзету бойынша, егер 5-10 нөмірден астам нөмірді тіркеу қажет болса, байланыс операторына растайтын материалдар ұсыну қажет болады”, – дейді ведомство өкілдері.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда SIM-карталарды сатуға шектеу қойылатыны туралы жазған едік.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
