Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді көпбалалы отбасылар тегін мемлекеттік балабақшадан қағылады

Енді көпбалалы отбасылар тегін мемлекеттік балабақшадан қағыладыФото: Ru.freepik.com

Қазақстанда көпбалалы отбасылар үшін де мемлекеттік бөбекжай ақылы болады. Жеңілдік тек атаулы әлеуметтік көмек алатын жанұяларға ғана берілмек. Тегін балабақшадан қағылған көпбалалы отбасылар бұл өзгеріске наразылық білдіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Енді үкімет көпбалалы отбасынан шыққанның бәріне балабақшада тегін тамақ бермейді. Қаңтарда Алматыдағы 180-нен астам мемлекеттік бөбекжайда да жеңілдік тоқтайды. Атаулы әлеуметтік көмек алмаса немесе мүгедек болмаса әр балаға 25 мың теңгеден төлетпек.

Егер ақылы болса маған 3 балаға 75, 80 мың теңге төлеу керек. Мен үшін ол кәдімгідей ақша. Өзім 160 мың төлеп пәтерде тұрамын. Айлығым 230 мың. АСП алайын десем айлығым мен шегін санағанда табысым 1 мың теңгеге асып тұр. Соған бола енді ақша төлейсің дейді”, – дейді көпбалалы ана Вазира Аманова.

Олар тегін балабақша өздеріне әжептәуір көмек болғанын айтады. 

Ал Алматы әкімдігінің өкілдері атаулы әлеуметтік көмек алмайтын көпбалалыларды тегін балабақшаған қаққан біз емес, бізден жоғары үкімет дейді.

“Бүкіл өңірлер қыркүйек айында бастады. Біздің акимат бұл кісілерге ең болмаса жылдың аяғына дейін болсын деді. 1 қаңтардан бастап төлемақыны төлеу керек болады. АСП немесе ең төменгі күнкөріс деңгейіне сай келмесе төлейді”, – дейді Алматы қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Әлия Сағиева.

Әкімдік жеңілдіктен қағылғандарға атаулы әлеуметтік көмек алушы тізіміне өтініш қалдыруды немесе мансап орталығына табысы төмен азаматтар ретінде жүгінуді ұсынды. Бірақ ата-аналардың өзі бұл жоспарға аса қанағаттана қойған жоқ. Олар билікке үндеу жолдап, үкіметтің мәселені қайта қарауын талап етті.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 10 Желтоқсан, 2025 08:58