Енді қазақстандықтар көлік жүргізушілеріне хабарлама жолдай алады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев үкімет отырысында елімізде автокөлік иелеріне арналған жаңа цифрлық қызмет іске қосылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оны енгізу жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда қауіпсіздік пен ыңғайды қамтамасыз етеді.
"Егер терезесі ашық қалған немесе өтуге кедергі келтіріп тұрған көлікті байқасаңыз, мемлекеттік нөмірді теріп, қажет тетікті таңдасаңыз жеткілікті. Көлік иесіне анонимді хабарлама жіберіледі. Бұл сервис өзара көмектесудің әрі азаматтық жауапкершіліктің құралына айналады деп сенеміз", — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Еске салайық, бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Қазақстанда электромобильдер мен дрондар нарығын дамыту жөніндегі бағдарлама әзірленетінін мәлімдеген еді.
"Пилотсыз көлік үшін реттеуші құмсалғышты іске қосу көзделген. Оның шеңберінде НҚА қабылданады. Технологияларды (Waymo (Google), Tesla, Baidu, Mobileye, Yandex, Huawei) халықаралық әріптестермен бірлесіп тестілеу үшін алаңдар таңдалады", – деді ол.