“Бәйтерек” ұлттық басқарушы холдингі” АҚ өкілдері ипотекалық бағдарламаға қатысушылар үшін мемлекеттік сыйақы әзірге бұрынғы көлемде сақталатынын, алайда оны төлеу механизмі өзгеруі мүмкін екенін айтты. Басқарма төрағасы Рүстем Қарағойшиннің сөзінше, Отбасы банкінің акционерлерге төлейтін дивидендтері есебінен мемлекеттік сыйақының бір бөлігін ішінара “жабу” мүмкіндігі талқыланып жатыр.
“Мемлекеттік сыйақы ипотекалық бағдарламаға қатысатын барлық қазақстандыққа беріледі. Ол қарастырылған, ешкім оны алып тастаған жоқ. Бірақ қазір осы мемлекеттік сыйақының бір бөлігі Отбасы банкінен Бәйтерекке немесе үкіметке түсетін дивидендтер есебінен жабылуы мүмкін деген дүниені талқылап жатырмыз”, – деді Қарағойшин кулуарда.
Ол сондай-ақ мемлекеттік сыйақының мөлшері өзгере ме деген сұраққа жауап берді,
“Жоқ, бұл жерде мәселе – мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайту. Сыйақы мөлшері әзірге өзгермейді – ол жеткілікті”, – деп атап өтті холдинг өкілдері.
Қарағойшин “Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне” қосылатын жекеменшік банктер неге бұл сыйақыны төлей алмайтынын да түсіндірді.
“Бастапқыда заң бойынша бұл сыйақы дәл мемлекеттік банк ретінде Отбасы банкке есептелетіні көзделген”, – деді ол.
