Қазақстанда халықаралық ғылыми байқауларда жеңіске жеткен оқушыларға 6 миллион теңге төленеді
Халықаралық ғылыми жарыстарда жеңімпаз атанған мектеп оқушылары енді ақшалай сыйлыққа ие болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com
Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге мәдениет және білім беру мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасына депутаттар бастамашы болды.
Заң жобасы аясында халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, оларды дайындаған педагогтарға біржолғы төлем қарастырылады. Бұрын мұндай төлемдерді тек халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары ғана алатын.
Бұл норма дарынды балалар мен олардың мұғалімдерін қолдауға бағытталған. Оны президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қазанда мәслихат депутаттарының форумында айтқан. Осы санаттағы оқушыларға төленетін ең жоғары төлем 1500 АЕК немесе 6 миллион теңге шамасында болуы мүмкін.
Сонымен қатар мектеп жасындағы балаларға мәдени іс-шараларға қатысу үшін берілетін "Ақылман картасы" жобасын енгізу қарастырылған. Мектеп жасындағы балаларға абонемент жергілікті өкілді органдардың шешімімен беріледі.
Еске сала кетсек, Қазақстанда халықаралық олимпиададан алтын медаль жеңіп алған оқушыға 1500 АЕК (5,9 миллион теңгеге жуық) мөлшерде, күміс медаль үшін 1000 АЕК (3 миллион 932 мың теңге) мөлшерінде сыйақы беріледі.
Былтыр халықаралық 7 беделді олимпиадада жеңіске жеткен 26 қазақстандық оқушы қаржылай сыйлыққа ие болды.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді