Қазақстанда жұмыртқаны импорттауға тыйым салынбақ
Министрліктер мен құс өсірушілер одағы, жұмыртқа өндірушілер салалық қауымдастығы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларын іске асыру бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрлігі, құс өсірушілер одағы, жұмыртқа өндірушілер салалық қауымдастығы және сауда желілері одағы меморандумы баға тұрақтылығына және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Енді құс өсірушілер одағы мен қауымдастық құс фабрикаларының қоймалары мен фирмалық дүкендерінде сатылым бағасының тұрақтылығын сақтауға міндетті.
“Сауда желілері одағы заңнама талаптарына сәйкес сауда үстемесі мөлшерін сақтап, осы санаттағы жұмыртқаларды сатудан сыйақы талап етпейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті өндірушілерді қорғау мақсатында жұмыртқа импортына шектеу енгізу мәселесін қарастырады. Сауда және интеграция министрлігі заңсыз импорттық жұмыртқалардың нарыққа шықпауын, оларды айналымнан алуды қадағалайды”, – делінген хабарламада.
Сауда және интеграция министрлігі меморандум аясында баға мониторингін жүргізіп, шарттардың орындалуын бақылайды.
Бұған дейін Қазақстанда жұмыртқа қымбаттаған еді.