Енді жүргізушілер белгіленген жылдамдықтан асырса 147 мың теңге айыппұл төлейді: Полиция мұны қалай анықтайды?
Фото: Stan.kz/ChatGpt арқылы жасалды
Қазақстанда жылдамдықты асырғандар екі есе айыппұл төлейді. Енді заң бұзғандар үшін 40 АЕК (147 680 теңге) көлемінде айыппұл төлеу қажет болады. Егер бір жылдың ішінде құқықбұзушылық қайталанса, айыппұл 60 АЕК-ке дейін өсіп, 221 520 теңгеге жетеді. Жаңа өзгерістер екі айдан кейін күшіне енеді. Stan.kz айыппұл жүйесінің қалай жұмыс істейтінін Ішкі істер министрлігінен сұрап көрді.
Мемлекет басшысы жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты екі заңға қол қойды. Соның бірі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер, ол жүргізушілерге арналған жаңа айыппұл мөлшерін бекітеді. Жаңа ережелер екі айдан кейін күшіне енеді.
Айыппұл мөлшері қандай?
Енді жылдамдықты 60 км/сағ немесе одан көп асырған жүргізушілерге 40 айлық есептік көрсеткіш (147 680 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Егер құқықбұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұл 60 АЕК-ке, яғни 221 520 теңгеге дейін өседі.
Қазір жылдамдықты 10-20 км/сағ асырғандарға – 5 АЕК (18 460 теңге), 20- 40 км/сағ – 10 АЕК (36 920 теңге), 40 км/сағ және одан көп асырғандарға – 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл салынады. Енді бұл тізімге 60 км/сағ және одан жоғары арттырғандарға арналған жаңа жаза түрі қосылады.
Жаңа өзгерістер қоғамда түрлі пікір туғызды. Кей жүргізушілер мұны әділетсіз шешім деп санайды. Олар: “Айыппұл салып, тонап жатыр ғой. Әр бағдаршамнан өткен сайын екі айыппұл аласың”, “Жылдам жүретіндер бар, бірақ айыппұл тым көп. Біздің өмір сүру деңгейімізге сай емес” деп пікір білдірді.
Ішкі істер министрлігі не дейді?
Stan.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты Ішкі істер министрлігіне сауал жолдады. Министрлік өкілдері айыппұл мөлшерінің заңмен белгіленетінін және ведомство оны өз бетінше өзгерте алмайтынын айтты.
“Айыппұл – бұл әкімшілік жаза түрі. Оның мөлшері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленеді. Айлық есептік көрсеткіш көлемі Қаржы министрлігінің құзыретінде. Ішкі істер министрлігі айыппұл мөлшерін бекітпейді және өзгерте алмайды”, – деді ведомство.
Министрліктің хабарлауынша, көлік құралдарының белгіленген жүру жылдамдығын бұзуды автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған камералар тіркейді. Қазір ел бойынша шамамен 25 мың бақылау камерасы орнатылған.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі айыппұл төлеуде жеңілдіктер қарастырылғанын айтты.
“Азаматтар айыппұлды 7 күн ішінде 50% жеңілдікпен немесе үш айға дейін бөліп төлеу арқылы өтей алады. Егер жүргізуші айыппұлмен келіспесе, өңірдің полиция департаментіне немесе E-otinish жүйесі, Әкімшілік іс-жүргізудің бірыңғай тізілімінің бұқаралық сектор немесе "Qamqor.gov.kz" порталы арқылы шағым түсіруге құқылы”, – делінген жауапта.
Министрлік биыл жол-көлік оқиғалары мен қаза болғандар саны өткен жылмен салыстырғанда төмендегенін айтты. Сондай-ақ бұл шара жолдағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталғанын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда енді жүргізуші белгіленген жылдамдықтан асырса 147 мың теңге айыппұл төлейтіні туралы жазған едік.
ТЭЦ-тің газға ауысуы Алматыдағы лас ауа проблемасын шеше ала ма: Сарапшылар мегаполистегі қалың тұмша неден түзілетінін талдап берді