Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді елімізде басшылық қызметке тағайындалатын қауіпсіздік қызметкерлері полиграфологиялық тексеруден өтеді

Бас прокуратура құқық қорғау, азаматтық қорғау органдарында және мемлекеттік фельдъегерлік қызметінде полиграфологиялық зерттеу жүргізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik

Ережеге мынадай толықтыру енгізу ұсынылған:

Полиграфологиялық зерттеу құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғаныс органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің жұмысшылары жоғары басшылық лауазымдарға көтерілген кезде жүргізіледі. Сондай-ақ қызметтік тергеу жүргізу кезінде тергеу оның келісімімен жүзеге асырылатыны айтылған.

Жоғары басшылық лауазымдарға көтерілу кезінде мыналар анықталады: 

  • құқық қорғау органдарында қызмет өткерудің жасырын теріс мотивтері (тыйым салынған қоғамдық бірлестіктердің, қылмыстық және террористік ұйымдардың және басқалардың қызметінің мүдделері үшін);
  • теріс тәуелділік, психикалық және физикалық тәуелділікті тудыратын есірткі, психотроптық және басқа да психоактивті заттарды пайдалану;
  • құқық қорғау органдарында толық қызмет атқаруға кедергі болатын жасырын аурулар, өз-өзіне қол жұмсауға бейімділігі;
  • кіріс, мүлік және мүліктік міндеттемелер туралы мәліметтерді жасыру, қос азаматтық, жалған құжаттарды пайдалану;
  • сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасау, құпия немесе қызметтік ақпаратты үшінші тұлғаларға беру фактілері;
  • сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық фактілері;
  • тыйым салынған қоғамдық бірлестіктермен, қылмыстық және террористік ұйымдармен байланыста болу немесе коммерциялық құрылымдарға қатысу;
  • билікті асыра пайдалану.

Сондай-ақ, зерттеу барысында анықтауды қажет ететін қосымша тапсырмалар қойылуы мүмкін.

Полиграфологиялық сараптама қорытындысының жарамдылық мерзімі:

құқық қорғау органдарына, азаматтық қорғаныс органдарына, мемлекеттік фельдъегерлік қызметіне жұмысқа қабылданған азаматтар үшін – бір жыл;

құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғаныс органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің жоғары тұрған басшылық лауазымдарына көтерілген қызметкерлері үшін үш жыл.

Құжат нормаларды "Құқық қорғау қызметі туралы" заңның 33 және 47-баптарына сәйкес келтіру мақсатында әзірленген.

Жоба 2025 жылдың 14 ақпанына дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА порталында жарияланған.

Талқылау