Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде ақша аударымдары туралы ақпарат Қаржы мониторингі агенттігіне жолданады

Фото: АГН "Москва" / Кирилл Зыков

Енді банктер клиенттердің күмәнді қаржылық операциялары туралы Қаржылық мониторинг агенттігіне хабар беруге міндеттеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында айтылған. 28 мамырда Мәжілісте осы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, заң жобасы банктер мен басқа да қаржы ұйымдарын клиенттердің күмән тудыратын операциялары туралы хабарлауға міндеттейді.



“Қаржылық мониторинг субъектілері клиенттің ақша және басқа да мүлікпен жасайтын операцияларының жиынтығына қарап, оның әрекеті кірістерді заңдастыруға немесе терроризмді қаржыландыруға бағытталуы мүмкін екенін көрсететін ақпаратты жолдайды”, – деді Елемесов.

Оның айтуынша, қандай әрекеттер күмәнді болып саналатынын агенттік өзі анықтайды. Мысал ретінде ірі сомаға жиі жасалатын аударымдар келтірілді.

“Бұл өзгеріс еліміздің қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға және тиімді талдау мен мониторинг жүйесін құруға бағытталған”, – деді Елемесов.

Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі – Президентке тікелей бағынатын мемлекеттік орган. Оның негізгі міндеті – қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жүргізу.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтардың қандай ақша аударымдарына салық салынбайтыны белгілі болған еді.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 28 Мамыр, 2025 16:41
Талқылау