Қазақстандықтарға екі немесе одан көп жерде жұмыс істеуге рұқсат беріледі: Бірақ бірқатар тыйымдар бар
Фото: freepik.com
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтардың екі немесе одан да көп жерде еңбек етуіне қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомствоның хабарлауынша, заң бойынша бір адам бірнеше жұмыс орнында еңбек ете алады. Бірақ белгілі бір шектеулер бар. Олар:
– Негізгі жұмыс орнында күнделікті жұмыс уақыты 8 сағаттан аспауы тиіс;
– Қосымша жұмыста 4 сағаттан артық болмауы керек;
– Барлығы қосқанда тәулігіне 12 сағаттан артық жұмыс істеуге болмайды.
Сондай-ақ министрлік қызметкерге қажет маңызды ережелерді ұсынды:
– Еңбек кодексінің 1-бабының 1-тармағының 56-тармақшасына сәйкес, қосымша жұмыс бұл қызметкердің негізгі жұмысынан тыс уақытта еңбек шарты негізінде басқа тұрақты әрі ақылы жұмысты орындауы;
– Кодекстің 32-бабының 4-тармағына сәйкес ( Еңбек шартын жасасу үшін қажетті құжаттар), басқа жұмыс берушімен қосымша жұмысқа еңбек шартын жасасу үшін қызметкер негізгі жұмыс орны бойынша еңбек жағдайлары мен сипаттамасын растайтын анықтама ұсынуы қажет;
– Кодекстің 68-бабының 3-тармағына сәйкес (Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы), негізгі жұмыс орнындағы және қосымша жұмыстағы күнделікті жұмыс уақыты осы Кодекстің 71-бабының 4-тармағында белгіленген күнделікті жұмыс уақытының ұзақтығынан 4 сағаттан артық болмауы тиіс;
– Кодекстің 92-бабының 5-тармағына сәйкес (Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарының кезеңін айқындау және оларды беру тәртібі), егер адам қосымша жұмыс істесе, онда оған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмыс орнындағы демалысқа сәйкес бір уақытта беріледі.
Кімдер қосымша жұмыс істей алмайды:
– 18 жасқа толмағандар;
– Ауыр, зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайында істейтіндер (медқызметкерлерден басқа);
– “Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге қосымша жұмыс істеуге тыйым салынады. Өйткені олар педагогикалық, ғылыми және шығармашылық қызметтен басқа, өзге ақылы қызметпен айналысуға құқылы емес.
Кез келген кәмелетке толған азамат жоғарыдағы шектеулерге жатпаса, негізгі жұмыстан бөлек қосымша табыс көзін таба алады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда екі немесе одан да көп жерде жұмыс істеуге тыйым салынатыны туралы жазған едік.

"Декретке миллионмен" дауы: Курстың негізін қалаған депутат Дәулет Мұқаевқа тексеріс жүргізіле ме?
