Еңбек министрлігі енді шетелде жұмысқа орналастыратын агенттіктердің қызметін бақылайды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан азаматтарының шетелдегі еңбек қызметін ұйымдастыру бойынша жобасын әзірледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
"Ашық НҚА" порталында еңбек мобильділігі орталықтарының жеке жұмыспен қамту агенттіктерімен өзара іс-қимыл жасау қағидалары жарияланған.
Құжаттың негізгі мақсаты – республикадан тыс жерлерге жұмысқа шығатын қазақстандықтарды даярлау, олардың еңбек қызметін тиімді ұйымдастыру және шетелде еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету.
“Қағидалар шетелде азаматтарды жұмысқа орналастыратын жеке жұмыспен қамту агенттіктеріне қойылатын талаптарды белгілейді, сондай-ақ осы агенттіктердің еңбек ұтқырлығы орталықтарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің шетелде жұмысқа орналасқысы келетін ізденушілерді іріктеу және оларды даярлау тәртібі регламенттеледі.
Бұдан басқа белгіленген талаптарға сәйкес келетін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің тізілімін құру және жүргізу көзделеді.