Әлеуметтік қызметтер порталы Қазақстан тауарларының ұлттық каталогына қосылады
Фото: Ru.freepik.com
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметтер порталына тауарлар мен қызметтерді ұсынатын жеткізушілерді тіркеу ережелерін жаңартып жатыр. Жаңа талаптар барлық категорияға, тіпті мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау қызметіне де қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа талаптарға сәйкес, Әлеуметтік қызметтер порталындағы барлық тауарлар Ұлттық тауар каталогында тіркелуге тиіс. Бұл тауарлардың түрін стандарттау, жеткізушіден алған адамға дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік жасап, жалған мәмілелердің алдын алады.
Бұл өзгерістер тауарларды:
- Біркелкі және нақты есепке алады;
- Олардың сапасы мен шығу тегін бақылауды күшейтеді;
- Барлық жеткізуші үшін тең жағдай жасайды;
- Сертификатталмаған өнімдер нарығынан қорғайды.
Сонымен қатар жеткізушілер тауар туралы толық мәтіндік сипаттама ұсынуға тиіс. Атап айтқанда, тауардың мақсаты, функциялығы және техникалық сипаттамалары болу керек. Мұндай сипаттаманың болуы тауарды Порталға жіберу жөніндегі комиссияның бағалау критерийлерінің бірі. Бұл әсіресе, көру қабілеті нашар адамдар үшін маңызды. Себебі олар тауарлар туралы толық және нақты ақпарат ала алады.
Өзгерістер Әлеуметтік қызметтер порталын 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда тауар деректерін стандарттау үшін біртұтас платформа ретінде жұмыс істейтін Ұлттық тауар каталогымен интеграциялауға бағытталған.
Бұйрық жобасы 2026 жылдың 2 ақпанына дейін қоғамдық талқылауға түседі.
Бұған дейін тауарды Ұлттық каталогта тіркемей сауда жасайтын кәсіпкерлерге айыппұл салынатыны туралы жазған едік.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты