БАҚ: Еңбек министрі Біржан Нұрымбетовтың ағасы пара алды деген күдікпен ұсталды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың туған ағасы пара алған жерінен ұсталды, деп жазды "Время" басылымы.
Жамбыл облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Тимур Нұрымбетовті 9 000 000 теңге көлеміндегі ақшаны алып жатқан кезде ұстады.
Бұл жағдай қазіргі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке әсер етуі мүмкін, өйткені пара алған шенеунік - оның ағасы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің назарына Тимур Бидайбекұлы мен Asyl-Tirek мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің тығыз ынтымақтастығы ілікті. Мемлекеттік сатып алу сайтында орналастырылған мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы бұл кәсіпорын жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан 86 миллион теңгеге тапсырыс алған. Барлық сатып алулар бір көзден алу тәсілімен, ашық конкурссыз өткізілген.
Тергеу болжамы бойынша, мұндай көлемді қаражатты алуға жауап ретінде Asyl-Tirek басшысы Ғалымжан Сарымсақов ақшаның бір бөлігін қайтару міндетін өз мойнына алған.
"11 сәуірде мемлекеттік тапсырыстың оныншы бөлігін қайтарып берген. Ақша тікелей емес, делдал арқылы берілді, оның рөлін Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің басшысы Нұрзипа Романова атқарды. 9 миллион теңге беру кезінде Романова пен Нұрымбетов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп жазды басылым.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл шенеуніктердің қаржыны қайтаруға келіскен жалғыз жағдайы емес, сондықтан сотқа дейінгі тергеу "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша бірнеше рет пара алуы" бабы бойынша жүргізіледі деп болжайды.