Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еңбек министрі келесі жылы зейнетақы мен жәрдемақылар қаншаға өсетінін айтты

Фото: pixabay.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зейнетақы мен жәрдемақыны өсіруге қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, 2026 жылдың бюджетінде зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді арттыруға 622 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оларды 10 пайызға дейін ұлғайту жоспарланған, бұл болжамды инфляция деңгейіне сәйкес келеді, қазір ол 10,5 пайызға тең.

"Зейнетақы төлемдерін алатындардың барлығының дерлік зейнетақысы өседі: бұл ынтымақты зейнетақы, базалық зейнетақы. Сондай-ақ мүгедектік бойынша берілетін төлемдер: мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға және оларды бағып отырған ата-аналарға берілетін жәрдемақылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар өседі. Негізгі базалық көрсеткіштер көтеріледі", - деп сендірді Светлана Жақыпова.

Министр зейнетақы мен жәрдемақылар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өсетінін нақтылады.

Айта кетейік, бүгінде елімізде базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 32 360 теңге болса, келер жылы 35 596 теңгеге ұлғаюы мүмкін, ал базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері биыл 50 851 теңге болса, келесі жылы 5 мың теңгедей қосылып, 55 936 теңге болуы мүмкін.

Сондай-ақ министр келесі жылы ең төменгі жалақы мөлшері де өсуі мүмкін екенін айтты. Қазір елімізде ең төменгі жалақы – 85 мың теңге.

Аида Тақабаева
Жұма, 27 Маусым, 2025 14:44
Талқылау