Ең төменгі жалақы 880 000 теңге: Жаңа Зеландияға қоныс аударған жерлесіміз елдің мәдениеті, қазақстандықтардың елден көшудегі негізгі себептерін айтты
Отандасымыз, 27 жастағы Чингиз еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орнын бітіріп, жұмыс істеген соң, өз қабілетінің барлық мүмкіндігін қолдану мақсатында Жаңа Зеландияға көшкен. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында жерлесіміз елдің өзіне тән мәдениеті мен орташа табысы, қазақстандықтардың елден көшудегі негізгі себептері жайлы айтты.
– Чингиз, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Немен айналысасыз?
– Қапшағай қаласында туып өстім, ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетін Әлем экономикасы мамандығы бойынша аяқтадым. Оқу кезінде өзімді әртүрлі салада байқап көрдім: банкте тәжірибеден өттім, цифрлық маркетинг саласында, проджект менеджмент, сауда-саттықта да бағымды сынадым. Бірақ мен үшін ең үлкен қанағаттанарлық сезімді хоббиім сыйлады. Бұл - бес жыл бойы математикадан мектеп оқушыларына сабақ беру, Назарбаев Зияткерлік мектептеріне (НЗМ) және Қазақ-түрік лицейіне, басқа да танымал мектептерге қабылдау емтихандарына дайындау болды.
Бизнес әкімшілігі саласында Postgraduate Diploma Programme in Business Administration мамандығын Оклендте оқып бітірген соң, Жапонияның қаржы компаниясына активтер сарапшысы ретінде жұмысқа тұрдым. Онымен қоса Instagram әлеуметтік желісінде өзімнің @chingiz.why атты жеке блогымды жүргіземін, онда Жаңа Зеландияға көшкенім туралы, жұмыс табу жайлы, елдің өзі жайлы жазамын.
– Жаңа Зеландия туралы айтып беріңізші. Бұл елде тұрып жатқаныңызға қанша болды? Елдің сізге ұнаған және ұнамаған тұстары қандай?
– Жаңа Зеландияға келгеніме осы жылдың қыркүйегінде 3 жыл болады. Бастапқыда оқу үшін келіп, содан кейін өзімді өте жайлы сезінгендіктен тағы бірақ уақыт аялдауды шештім.
Жаңа Зеландияда маған көп нәрсе ұнайды: өмір сүру деңгейі мен еңбек етуден бастап, сапалы азық-түлікке дейін. Ең төменгі жалақы - 880 000 теңгеге (салықтар алынғаннан кейін) жұмыс істегеннің өзінде жақсы тамақтанып, жақсы баспана жалдап тұруға болады.
Мемлекет өзінің азаматтарына үлкен қамқорлық жасайды, сіз өзіңіз төлеген салықтың қайда кетіп жатқанынан хабардар болып отырасыз. Мәселен, жергілікті дәріханаларды қарастыратын болсақ, дәрігер жазып берген дәрілердің көбі тегін беріледі, ал қалғандары шартты түрдегі бағаға сатылады, әдетте бұл 5 долларды құрайды.
Ал елдің көзтартарлық табиғаты Жер шарының түкпір-түкпіріндегі адамдарды тартатыны бір бөлек әңгіме. Жыл сайын туристердің толастамайтынына қарамастан, мемлекет осы табиғат байлығын қаз қалпында сақтап отырғандығы маған қатты ұнайды.
Жаңа Зеландиядағы алғашқы жылы маған ауа райы мен басқа елдерден қатты алшақтығы ұнамайтын. Мұнда толыққанды қыс болмайды, ең суық кезеңде (Маусым, Шілде, Тамыз) Оклендте жаңбырлы маусым басталады. Температура ноль градустан түспейді, алайда қатты дымқылдықтың әсерінен және орталықтандырылған жылыту жүйесінің жоқтығынан қатты суық болады.
Ал жаздағы температура +40-қа жетуі екіталай, алайда +25 градустың өзінен ыстықтап кетесің. Уақыт өте мұндай ауа райына үйрендім, сондықтан мұны ұнамайтын нәрселер тізімінен алып тастауға да болады.
Географиялық орналасуы есебінен Жаңа Зеландиядан әлемнің кез келген түкпіріне жету өте ұзақ әрі қымбатқа түседі. Әсіресе, бұл өз үйіме, Қазақстанға қайтуға қатысты. Әзірге тікелей баратын бағыт жоқ, сондықтан бірнеше рейспен баруға тура келеді. Мәселен, соңғы рет Алматыда 2019 жылдың тамызында болдым, жолыма барлығы 47 сағат кетті. Бірақ әлемнен барынша алыс орналасқандықтан, Жаңа Зеландия елдегі коронавирустың таралуын тежеді, сондықтан қазір мұнда жағдай қалыпты.
– Бұл елдің мәдениеті мен өмір сүру стилі жайлы не айтасыз? Қазақ менталитеті, мәдениетімен қандай да бір ұқсастықтар байқадыңыз ба?
– Келе сала мәдени шокты бастан өткердім. Барлығы өзгеше: адамдар, тіл, жергілікті тағамдар. Тіпті көліктер де басқа бағытта жол жүреді. Жаңа Зеландия мен елестеткендей болмады. Алайда дәл қазір оның дәл осындай болғанына қуанамын.
Оклендте (астана болмаса да, ең ірі қала) тұрып жатқандықтан осы қаланың ерекшелігі жайлы айта аламын. Себебі әр аймақтың өзінің ерекшелігі бар. Окленд көптеген ұлттың тоғысқан нүктесі, мұнда жердің түкпір-түкпірінен келетін адамдарды кездестіре аласыз. Сондықтан көпшілігі Жаңа Зеландияның өзіне тән мәдениеті жоқ деп ойлауы мүмкін, дегенмен қаланың ерекшелігі де осында. Тіпті осы елдің ең үлкен қаласында тұрып, Алматыдағыдай жылдам ырғақты сезінбейсіз. Ешкім ешқайда асықпайды және кешікпейді. Адамдар өте сыпайы және мейірімді. Кейде адамды мазаламау үшін олар қоңырау шалуға рұқсат сұрап, смс жазады. Менің ойымша, бұл тәрбиенің керемет көрсеткіші. Әрине, барлық жерде дөрекі адамдар бар, бірақ тұтастай алғанда көпшілігі өздерімен өздері және позитивті. Жаңа Зеландияда жеке уақыт пен кеңістік өте жоғары бағаланады, сондықтан мұнда келген адамдар отбасы, жұмыс және хобби арасындағы өмірлік тепе-теңдікті табады. Кейде мұнда менеджеріңіз жұмыстан кейін офисте көп кешікпей, үйге уақытылы қайтқаныңызды сұрайды. Бұл адамды қуантады әрі жайлы жұмыс ортасын қалыптастырады.
– Елде қылмыс жоқ деп айтылады, бұл қаншалықты рас?
– Жаңа Зеландия әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі, алайда мүлдем қылмыс жасалмайды деген сөз емес. Өз басым жаңалықтардан құқықбұзушылықтар жайлы естимін, бұл көп жағдайда жеңіл қылмыстар. Оның бәрі тұрғылықты ауданға да байланысты, бірақ мұнда қайда барсаң да өзіңді қауіпсіз сезінесің. Сондай-ақ, Жаңа Зеландия сыбайлас жемқорлықтың болмауы бойынша елдер арасында жетекші орында екенін атап өткен жөн, бұл өз кезегінде жоғары адамгершілік құндылықтардың маңызды екенін көрсетеді.
– Жергілікті халықтың шетелдіктерге қарым-қатынасы қандай? Қандай тілде сөйлеседі?
– Шетелдіктердің көпшілігі тұратын Окленд жайлы айтайын. Мұнда шетелдіктерге деген қарым-қатынас жақсы, бірақ барлық жердегідей кейбір ұлттарға қатысты белгілі бір стереотиптер бар: біреу бай халық ретінде танымал, біреу айлакер және дөрекі деп бағаланады, ал енді біреу жалқау деп танылған. Әрине, мен бұл ұлттарды нақты атағаным жөн болмас, өйткені бұл тек стереотиптер.
Көптеген адам ағылшын тілінде сөйлейді, бірақ басқа тілдерді жиі естуге болады. Сондай-ақ, Жаңа Зеландияда 10 жылдан астам уақыт бойы тұрып жатқан, бірақ ағылшын тілін білмейтін, оны меңгеруге тырыспайтын да адамдар бар.
– Елде қандай мамандықтар сұранысқа ие, орташа жалақы мөлшері қандай?
– Жаңа Зеландияда барлық саланың өкілдері жұмыс істейді. Менің ойымша, тек бір саланы бөліп көрсету дұрыс болмас еді. Иә, біз технологиялар әлемінде өмір сүріп жатырмыз және IT саласының өкілдері сұранысқа ие деп саналуы мүмкін, бірақ медицина, құрылыс және аграрлық секторларды назардан тыс қалдырмау керек. Жаңа Зеландия үшін сұранысқа ие мамандықтар тізімінде жоғарыда аталған салалар көп кездеседі.
Орташа жалақы бұл сіздің қызмет салаңызға тікелей байланысты екенін түсіну керек. Алайда мұның бәрін шетке ысырып, жаңа статистикалық мәліметке жүгінсек, онда орташа жалақы сағатына 27 Жаңа Зеландия доллары (8200 теңге) деп айта аламыз. Егер аптасына 5 күн 8 сағаттан жұмыс істейтін болсаңыз, онда айына шамамен 1 400 000 теңге шығады (салық алынбай тұрып).
– Иммигранттарға жасалатын жағдай жақсы ма? Табыс табу жағы қалай?
– Жергілікті компанияларда адамдар әдетте "өздері" және "шетелдіктер" болып бөлінбейді. Егер сіз өз салаңыздың маманы болсаңыз және Жаңа Зеландияда жұмыс істеуге заңды құқығыңыз болса (кем дегенде жұмыс визаңыз болса), онда жұмыс табу қиынға түспеу керек. Тіпті адамдарды шетелден шақырып, оларға виза және барлық қажетті шарттарды ұйымдастырған мысалдарды білемін. Сондықтан, менің ойымша, шетелде жұмыс табуға әркімнің мүмкіндігі бар. Ағылшын тілін білу маңызды, бірақ кейбіреулер мұнда онсыз да өмір сүреді.
– Сізше, қазақстандықтар шет елге не себепті көшіп жатыр?
– Мен бұл сұрақты қасымдағы достарыма жиі қоямын. Олардың әрқайсында өзіндік ерекше себебі мен көшу оқиғасы бар. Мысалы, мен қабілет, шама-шарқымды толық іске асырмай жүргенімді сездім. Осы орайда өзімді сынап көргім келді.
Біреуді бірқалыпты өмір жалықтырған, екіншісі теңгенің тұрақты түрде өзгеріп отырғанынан шаршаған, кейбірі өздерін қауіпсіз сезінбегендіктен және оны басқа жерден табуға шешім қабылдағандықтан мекенін ауыстырған. Жалпы, түрлі себептерді естідім.
Егер біздің тарихымызға көз жүгіртсек, біз, көшпенділер, Отанымыздан тыс жерде өзімізді жақсы көрсеткенімізді байқауға болады. Сондықтан менің ойымша, біздің қанымызда көшіп жүруге деген құштарлық бар және осы тұрғыда сәттілік бізге әрдайым серік болған.
Оған мысалдарды ортағасырлық және қазіргі заманғы тарихтан таба аласыз. Әрине, мен отандастарымды заттарын жинап, баска елге кетуге шақырмаймын, өйткені көшуді қажетсінбейтін адамдар бар (және олардың қарасы көп).
Жаңа Зеландияда біраз уақыт тұрып, Отанға оралуды шешкен бірнеше адамды білемін. Олар жаңа жердегі қиындықтарды қаламайтынын және Қазақстандағы өмірі әлдеқайда жақсы болғанын түсінгендер. Сондықтан айтуға оңай, көшу жайлы шешім мүмкіндігінше саналы және толыққанды болуы тиіс. Себебі қоныс аудару - жайлы орын іздеу емес, өзіңнің ең жақсы нұсқаңды табу.
– Сіздің ойыңызша, Қазақстанға не жетіспейді, немен жұмыс істеу керек? Қазақстанға оралуды жоспарлап отырсыз ба?
– Менің ойымша, Қазақстанның дамыған мемлекеттер қатарына қосылуына барлық мүмкіндігі бар, бірақ адамдардың өздері бұл дамуға әлі дайын емес сияқты. Көптеген жерлесіміздің санасы әлі күнге дейін өткен ғасырларда қалып қалған және олар шынайы өмірді қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартқан сияқты.
Кейде біз, қазақтар, өзіміздің ұлы тарихымызбен мақтанғанды ұнататынымыз соншалық, мемлекеттің қазіргі жағдайы туралы ұмытып кетеміз.
Шындығына келгенде, бізден басқа ешкімге біздің ата-бабамыз Еуразияның көп бөлігін өзіне бағындырып, білікті жауынгер болғаны қызық емес, өйткені олардың көбі тіпті Қазақстан туралы естімеген. Тарихты білу және оны мақтан тұту, әрине, өте маңызды, дегенмен, адамдар сенің елің туралы осы шақта сөйлеседі, сондықтан мемлекеттің қазіргі шақтағы келбеті маңызды. Өкінішке орай, жергілікті әріптестерімнің ешқайсысы Астанадағы ЭКСПО немесе Алматыдағы Азиада туралы естімеген, бірақ олардың көпшілігі Қазақстанға қатысты жалған түсінік қалыптастырған Боратты біледі.
Не істеу керек? Айтып-айтып жауыр болсақ та, әркім өзінен және қоршаған ортасынан бастауы керек. Біреу саған миллион доллар табыстап, сәтті кәсіп сыйлағанды күтіп отыруды қоятын кез келді. Қазір кәсіби және рухани тұрғыда дамуға тамаша мүмкіндіктер толып жатыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанның болашағына оң әсерін тигізетін өзгерістерге әкеледі.
Үйге оралу жоспарымда бар ма? Әрине. Менің отбасым мен жақындарым Қазақстанда. Ал еліме Жаңа Зеландияға қайтатын билетпен келемін бе, бұл бөлек әңгіме.

"Жеті жыл күттім": Алматылық жас жігіт 53 жастағы әйелдің жүрегін алғаннан кейін өмірі қалай өзгергенін айтты
