Ең көбі — 3,7 триллион теңге: 2023 жылы мемлекетке көп салық төлеген 50 қазақстандық компания белгілі болды
2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін түсім 18,9 триллион теңгеге жетті, бұл былтырғымен салыстырғанда, 27,4% көп. Мұнай секторы ең көп салық төлейтін сектор болып танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото:Pixabay.com
Тау-кен компаниялары топ-5 салық төлеуші қатарына енді. Бірінші орында – "Теңізшевройл" ЖШС (ТШО), былтыр компания бюджетке 3,7 триллион теңге аударған.
Екінші орында – 978 миллиард теңге салық төлеген "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В".
"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ 319,6 миллиард теңге салық төлеп, үздік үштікке енді
Одан кейін 259,3 млрд және 204,4 млрд теңге салықпен "KAZ Minerals Aktogay" ЖШС және "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В" филиалы жайғасты.
Аталған бес компанияның төртеуінде салық төлемдері айтарлықтай азайған. Мәселен, ТШО-да сома 17,8%, "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В." компаниясында 30,1%, "Маңғыстаумұнайгазда" 26,5%, "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. В." филиалында 14,5% төмендеді. 2023 жылы бұл тенденция бүкіл мұнай секторына тән болды.
Үздік бестіктен кейін Қазақстанның топ-15 салық төлеушісі қатарына мына компаниялар енді:
- "Қазақстан Халық Банкі" АҚ — 203 млрд теңге;
- "Өзенмұнайгаз" АҚ — 198,1 млрд теңге;
- "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС — 178,3 млрд теңге;
- "Филип Моррис Қазақстан" ЖШС — 170,5 млрд теңге;
- "Азиялық Газқұбыры" ЖШС — 167,8 млрд теңге;
- "KAZ Minerals Bozshakol" ЖШС — 159,5 млрд теңге;
- "Джей Ти Ай Қазақстан" ЖШС — 157,5 млрд теңге;
- "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС — 152,5 млрд теңге;
- "Ембімұнайгаз" АҚ — 145,9 млрд теңге;
- "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС — 139,2 млрд теңге.
Жалпы алғанда, аталған топ-50 компания мынадай экономика салалары бойынша жұмыс істейді:
- Тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу — 23 компания;
- Өңдеу өнеркәсібі — 9 компания;
- Көтерме және бөлшек сауда — 7 компания;
- Ақпарат және байланыс — 3 компания, дәлірек айтқанда, ұялы байланыс операторлары;
- Қаржы және сақтандыру қызметі — 3 компания, дәлірек айтқанда, ҚР ЕДБ;
- Көлік және қойма — 3 компания;
- Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет — 1 компания, дәлірек айтқанда, "ҚазМұнайГаз“ ҰК" АҚ;
- Құрылыс — 1 компания, қызметі өндіріс секторына бағытталған.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық блогерлердің соңғы 9 айда 1,2 миллиард теңге салық төлегені айтылды.