Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ең қымбаты 150 мың теңге": Шығыс Қазақстанда екіжақты домбыра жасайтын шебер тұрады

Жанарбек Қазезұлы көп жыл бұрын Қытайдың Алтай аймағынан Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданына көшіп келген. Алайда азамат домбыра жасауды бірден бастап кете алмағанын айтады. Өйткені азаматтық алып болғанша бес жыл уақыты кеткен. Десе де ол түбі ұлттық аспап әзірлеуді қолға алып, қазір оны кәсіп қылып отыр. Stan.kz тілшісі домбыра жасаудың өзіндік үлгісін қалыптастырған шебермен әңгімелесіп қайтты. 

“Азаматтық алуды бес жыл күттік”

Ресми атауы Ұлан саналатын ауылды Шымқора деп атау жұртқа үйреншікті болып кеткен. Ауылдастарынан жол сұрап, шебердің үйіне бардық. Жанарбек Қазезұлы аман-саулық сұрасқан соң бірден үйіне қонақ болуға шақырды. Әңгіме әлқиссасы кейіпкеріміздің туған жерінен басталды. 

"Қытай Халық Республикасының Алтай аймағынан келдік. 2011 жылы маусым айының 24-інде атамекенге табан тіредім. Бес жылдай азаматтық ала алмадық. Сол уақыт аралығында бір істің шетін шығарып, шаруамызды иіріп әкетудің сәті түспеді. Десе де Алтай өңірінде бес жылдай домбыра жасағаным бар, үйреншікті кәсібімді осы жақта жалғастыра бастадым. Санап көрсем, биылды есептегенде домбыра жасап жүргеніме он бес жылдай болыпты", – деді ұландық шебер.

Жанарбек Қазезұлы елге келмей тұрып 1992 жылдары домбыраның ноталарын меңгеріп, күй үйренген. Айтуынша, қолына домбыраны алған сайын ықыласы еселене түседі екен.

"Сол жақта Файзолла деген ұстазымыз болды. Білікті маманның тәлімін көре жүріп, домбыра жасауды үйрендім. Ол кезде әр мектепте кемі 60-70-тей домбыра болуы тиіс-тін. Уақыт өте осы бағытта өзімді біршама ысылғандай сезіндім. Әйтсе де 2011 жылы көшімізді Қазақстанға бағыттағанда қолайсыз кезеңде қозғалғанымызды аңғардық. Бұл жылдары бірден азаматтық алу мүмкін болмады. Сағымыз сынбай, біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік кешіп, ойлағанымызды іске асырумен болдық", – дейді шебер әңгімесін жалғай түсіп.

“Шеберлер сырын сыртқа шығарғылары келмейді”

Ұлан елге келгеннен кейін бес жыл бойы тек домбыра ғана емес, бесік, үстел, орындық, есік сынды бұйымдар жасап, адал еңбекпен нәпақасын тауып жүрген. Айтуынша, қазір жағдайы оңалған, тапсырыс та үздіксіз келіп түсуде. Көбінде қандас отбасылар сәбиін бөлеу үшін бесік, ара-тұра домбыраға да тапсырыс беріп тұратын көрінеді. 

Ұландық шебердің домбыралары қайың және үйеңкі ағаштарынан дайындалады. Сөзінше, үйеңкі өзгелерден гөрі анағұрлым берік ағаш.

“Жасау барысында үйеңкі қолға жұмсақ келеді әрі жарылмайды. Аталарымыз кезінде астауды ағаштың осы түрінен жасаған екен. Оған қоса үйеңкіден әзірленген домбыраның үні жұмсақ, ал қайыңдікі күмбірлеп (қатты) шығады. Домбыраның бетін самырсыннан дайындаймыз”, – дейді ол. 

Шебер кейде қажет ағашын біреу-міреуге тапсырып алдырмақ болғанында самырсын мен қарағайды ажырата алмай әбігерге түсетіндер де аз кездеспегенін тілге тиек етті. 

"Самырсын ала келіңіз" дегенде: "Ол не, орысша атауы қалай?" деп сұрақтың астына алған екен.

Жанарбек Қазезұлының айтуынша, самырсынның сыртқы қабығы қарағайға қарағанда нәзік келеді. Ал қарағай ауыр ағаш, оны көбінде есіктің босағасын жасауға қолданады. Қос ағашты қылқандарына қарап ажыратады, оған қоса самырсын аптап ыстықта жоғары температурада ісінбейді. 

"Бірде домбыраны қайыңнан жасап көруге бел будым. Егер өз деңгейінде кептіремін десеңіз екі жылдай уақыт кетеді. Соншама уақыт күтіп барып іске кіріссеңіз онда еңбегіңіз ақтала түспек. Бұл ағаштың бойында май болады. Одан арылмай домбырадан әуезді үн есту екіталай. Ал біз оны жұқа етіп тіліп алып, суға қайнатқан соң майын шығарып жатамыз. Домбыраға сүйек қосады. Ал оны ағарту үшін алты-жеті рет қайнату қажет. Ас содасын қосқанда сүйектің бойындағы майы алынып, жұмсара қалады. Дегенмен мұндай сәтте кейбір шеберлер сырын сыртқа шығарғылары келмейді", – дейді кейіпкеріміз.

“Домбыраның бағасы 150 мың теңгеге дейін барады”

Сөзінше, онымен қоса, домбыра үнінің әуезді шығуы беткі тақтайына байланысты.

“Кемі бес-алты жыл кепкен тақтай болса онда домбыра да сәтті шығады”, – деп шебер жүмысы туралы ашық сөз қозғады. 

Қазір арнайы құралды пайдалана отырып, ток арқылы кептіретін орындар бар. Ұландық шебер тапсырыстарды күттірмес үшін тақтайды сол жерден алып, мейлінше уақытылы жасауға машықтанған.

“Бір жетіде 15 мыңдық төрт домбыра жасауға болады. Ал қымбатын қолға алса, онда аптаға созылады. Тақтай таңдалған бойда станок арқылы тіліп, белгіленген өлшемге саламын. Аспап әзір болған соң шертіп, шыққан дыбысына құлақ түремін”, – дейді Жанарбек Қазезұлы

Шебер ойлағанындай шықпаса, амал нешік, беткі тақтайын алып тастап, қайта жасауға кіріседі екен. Балаларға арналған домбыраны есепке алмағанда, өзгесінің барлығы бір өлшеммен дайындалады. Сонда әр өлшемін аңдап отырып  әзірленген аспаптың бағасы қанша?

"Ең қымбат деген домбыра 150 мың теңгеге бағаланды. Одан бөлек 70 мыңнан 15 мыңға дейін сатылады. Негізінде домбыраларды жасап, сатуға дайындап қоямын. Қазір сәл де болса елге есіміміз белгілі. Республиканың бірқатар түкпірінен іздеп келіп жатады. Сатып алушыларымыздың көпшілігі Зайсан өңірінен. Ел аумағында қандастарымыз да аз емес”, – дейді шебер сәл жымиып.

Алғаш екіжақты домбыра жасаған шебер

Тағы бір айта кетерлігі, Жанарбек Қазезұлы өңір бойынша тұңғыш болып екіжақты домбыра жасаған шебер. Бала күнінде көрші тұратын қарияның екіжақты домбыра туралы әңгімесі бертінге дейін санасында сақталып жүріпті. Содан араға талай жыл салып, ойындағысын Шымқорада іске асырды. Көпке таңсық аспаптың үні де құлақ құрышын қандырады. Осы уақытқа дейін екеуін жасаған. Біріншісі осыдан үш жыл бұрын 75 мың теңгеге сатылыпты. Кейін екіншісін дайындапты.

"Кемі он бес домбыра жасағанға дейін қиындау болады. Есебің дәл шықпайды, қателесесің. Өзімді әлі де толық қалыптасқан шебер деп айта алмаймын. Ұлттық аспап жасауда алдына жан салмайтындар Алматыда. Соларды ұстаз тұтамыз. Жалпы ел көлемінде 270-тей шебер бар болса, өңірде атакәсіппен айналысатын 7-8 адамбыз", – деді ол.

Кейіпкеріміз осыған дейін 300-ден астам домбыра жасаған екен. Өзінің айтуынша, мұны көп деп айта алмайды.

Қолынан шыққан әр туындының сәтті шығуына сүбелі үлес қосып жүрген жары Әмина Құсманханды айта кеткен орынды болар. Жұбайы домбыра жасап шығарса, жары оны әшекейлеп, лак жағуды тап-тұйнақтай етіп отырады.  Шебердің Есіл есімді ұлы да әкесіне қолғанат. Ол бір домбыраны жасап бітуге шақ қалыпты.

Әкесінің айтуынша, аспаптың беткі тақтайын орнату сәл уақытты алады. Ұлы солақай болғандықтан ата-анасы ағаш шабу кезінде оқыс қимылдап қала ма деп алаңдап отыратынын да жасырмады.

Жанарбек Қазезұлы жасаған домбыралар ауылдастары, дос-жаран, туысқан, көрші-қолаңдарына да сыйға тартылған. Ұландық шебер қолға алған тірлігімен шектеліп қалған емес. Ертедегі бір аңыздардан үзінді келтіре отырып ірімшіктен жасалған ер-тоқым жайлы ғибратты әңгімесін ұсынды. Естуінше, ертедегі жаугершілік заманда талай ер-тоқым ірімшіктен жасалған екен. Ендігі жоспары осыны қолға алу. Құдай медет берсе, бәлкім, ірімшіктен жасалған домбыраны көріп қалуымыз ғажап емес. 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Талқылау