Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тұрғыны ауласынан қарақұрттың аналығын тапқан: Маман қауіпті жәндікпен кездескенде не істеу керегін айтты

Ауласын жинап жүрген ер адам үлкен қарақұрттың аналығы мен жұмыртқаларын көрген. Сарапшылардың айтуынша, табылған қарақұрт ең улы әрі қауіптісі болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Мұса Баркин бұл үйге көшіп келгелі бір жылдай уақыт болған. Ол анасымен және әпкесімен бірге шаруашылықпен айналысады. Үй аумағын жинап жүріп, әпкесі қарақұрттың аналығын тапқан.

“Әпкем менің артымнан жинап жүрген. “Қарашы, үлкен өрмекші” деп көрсетті. Жақындап қарап едім қарақұрттың аналығы екенін көрдім. 2-3 сантиметрлік, үлкен әрі жанында мыңдаған жұмыртқасы бар 4-5 өрмегі бар. Газ баллонын алып бәрін өртеп жібердім”, – дейді қорқып қалған үй иесі. 

Аулада құрылыс материалдары көп болғандықтан ол тағы да бірнешеуі болуы мүмкін деп алаңдайды. Үй маңынан табылған аналық қарақұрт ең қауіпті әрі улы болып шықты.

Сарапшылардың айтуынша, бұған дейін Алматының климаты қарақұрт үшін қолайсыз еді. Қазір көп жерде құрылыс жүріп жатқандықтан улы жәндіктер мегаполиске ағылды.

“Өрмекші әртүрлі тауарлармен, ауылшаруашылық өнімдерімен, көкөністермен, жемістермен келуі мүмкін. Ең сорқасы, өрмекші көктемде өздігімен қоныстанған болу керек. Орнығып, тіпті өрмегінен піллә тоқып үлгерген. Немесе бұл жағдайда одан да жаманы өрмекшінің көктемде өздігінен тарауы. Қалада іргесін көтеріп, піллә тоқып та үлгерді. Бұл Алматының климаты қарақұрттардың мекендеп, таралуы үшін қолайлы дегенді білдіреді”, – дейді Зоология институтының арахнология және басқа омыртқасыздар зертханасының меңгерушісі Айдос Есжан.

Орташа есеппен алғанда бір аналық қарақұрт үштен беске дейін піллә тоқиды. Олардың әрқайсысында 300-ден 900-ге дейін жұмыртқа болады. Мамандар тұрғындарды сақ болуға шақырады. Қарақұрт шаққан жағдайда жараны жуып, дереу медицина көмегіне жүгіну керек дейді.

Талқылау