Елордалықтар қашаннан бастап LRT-мен жүре алады – әкім жауап берді
Фото: t.me/KZgovernment
Ақорда кулуарында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT нақты қашан іске қосылатыны жөніндегі сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Кеше алғашқы екі құрамы келді. Жаздың соңына дейін барлық құрам жеткізіледі, қыркүйекте техникалық іске қосуды бастауды жоспарлап отырмыз.
Мен сізге қала өкілі ретінде айтып отырмын. Қыркүйек айында техникалық іске қосуды бастауды жоспарлап отырмыз, одан әрі регламентке сәйкес 3 айдан 6 айға дейін іске қосу мен жөндеу жұмыстары жүргізілуге тиіс.
Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп үміттенеміз, қаңтар-ақпанға созылуы мүмкін. Бірақ бірінші тоқсанның соңына дейін (2026 жылдың – ред.) жолаушылар бұл көлікті пайдалана алады деп жоспарлап отырмыз", – деп түсіндірді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.
City Transportation Systems компаниясы өкілдері Instagram-дағы ресми парақшасында елордаға жеңіл рельсті көліктің алғашқы жылжымалы құрамы арнайы жабдықталған автотралдармен әкелінгенін хабарлады. Олардың әрқайсысы төрт вагоннан тұрады.
"Вагондар Таншань қаласында (Қытай) шығарылды. Автокөлікпен жеткізу Қытай мен Қазақстан аумақтары арқылы өтетін, ұзындығы 5 300 км-ден асатын бағыт бойынша іске асырылды. Бүкіл жол 10 күнге созылды. Автотрал платформаларына секцияларды тиеу тікелей өндіруші зауыттағы крандардың көмегімен жүргізілді. Маршруттың барлық кезеңінде жүктердің бекітілуі мен қауіпсіздіктің қатаң шаралары қамтамасыз етілді", – делінген компания хабарламасында.
Компания дерегіне сүйенсек, ұзындығы 60 метрлік жылжымалы құрамдар GOA 4 деңгейіндегі автоматтандырылған бағдарламалық-аппараттық кешенмен жабдықталған. Ол есіктердің автоматты түрде ашылып-жабылуы, тоқтау және жылдамдату, депоға кіру және шығу, құрамдардың жағдайын бақылау, сондай-ақ пойыздар арасындағы қашықтықты қадағалау сияқты функцияларды қамтамасыз етеді.
Құрамдар толықтай автоматтандырылған, басқару жүйесі жүргізушісіз іске асырылады және операторлар тарапынан үнемі бақылауда болады.
"Бұл құрамдарды өндіру барысында заманауи, жеңіл және берік материалдар қолданылды. Бұл шешім жолаушыларға қолайлы динамикалық сипаттамалар мен жоғары деңгейдегі акустикалық жайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған", – дейді компания өкілдері.
Құрамдардың жалпы техникалық параметрлері:
- Ұзындығы – 59,97 м, ені – 2,8 м, биіктігі – 3,8 м;
- Қуат көзі түрі: үшінші рельс, 750 В;
- Сыйымдылығы: 600-ден астам жолаушы;
- Ең жоғары жылдамдығы: 80 км/сағ;
- Орташа пайдалану жылдамдығы: 39,5 км/сағ;
- Салмағы: 94 т (жолаушыларсыз).
Вагондарды сатып алу және тасымалдау EPC-келісімшарт шеңберінде іске асырылады, яғни бюджеттен қаржы бөлінбейді.
Еске салсақ, бұған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жеңіл рельсті көлікпен астаналықтар келесі жылдың соңында жүре алатынын айтқан еді.

Қазақстандықтарға қай айларда шетелге саяхаттау арзан екені айтылды
