Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордадағы ЖОО-лардың бірінің төбесі опырылып түсті: Зардап шеккен оқытушы жазаланды (видео)

Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия ұлттық университетінің төбесі опырылып түсті. Оқиға дәріс кезінде орын алған. Салдарынан оқытушыға дәрігерлердің көмегі қажет болыпты. Алайда жоғары оқу орнындағылар бұл жағдайды сабақты «тоқтату» деп бағалап, оқытушыны жазалаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Turan Times басылымына сілтеме жасап.

Елордадағы ЖОО-лардың бірінің төбесі опырылып түсті. Зардап шеккен оқытушы жазаланды (видео)

Сурет: Turan Times

Оқиға 28 қазанда орын алған. Дана Көпежанова студенттерге саясаттанудан дәріс оқып тұрған кезде аудиторияның төбесі опырылып, үстіне құлапты. Оқиға салдарынан студенттер зардап шекпеген. 

Оқытушының сөзінше, ол дәріс кезінде әлдененің дұрыс емес екенін байқап, шетке қарай қашпақ болған. Алайда кенеттен төбе опырылып, педагог орындықпен бірге еденге құлапты. 

Дана Көпежанова оқыс оқиғадан кейін жағдайының нашарлағанына қарамастан, сабақты соңына дейін жеткізгенін айтады. Алайда келесі сабаққа бара алмаған. Оған дәрігерлердің көмегі керек болып, оқу орнына жедел жәрдем келген. 

Көпежанованың айтуынша, дәрігерлер оның жарақаттанғанын тіркеп, бәрін жазып алған. Сонымен қатар оны емханадағы невропатологқа жіберіпті. Ал ол жерде оған бас миының шайқалуы диагнозы қойылды.

Алайда оқытушы диспетчерлік бөлімнен келген тексеруші сабақтың тоқтауына өзін кінәлағанын айтып отыр.

«Кафедрада әріптестерім көмек көрсетіп, тыныштандыратын дәрі берді. Су мен дәріні іштім. Осы кезде диспетчерлік бөлімнен тексеруші келді. Мен оған қазір сабаққа баратынымды айтып, 301-аудиторияда болған жағдайды жеткіздім. Алайда ол: «Енді не болыпты? Бұл жағдай 301-аудиторияда болды. Ал қазір сізде 324-аудиторияда сабақ. Сол жерде отыруыңыз керек», - деп айтты», - деп еске алады Дана Көпежанова. 

Анықталғандай, диспетчерлік бөлімнің қызметкері болған жағдай туралы білген. Аудитория төбесінің опырылған сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. 

Артынша оқытушының бұзушылық жасағаны туралы мәлімет факультет деканына жетіп, Дана Көпежановаға ескерту жасалыпты. Ал мұндай жағдайда оқытушы бір жылға сыйақыдан және жыл соңында берілетін бір реттік төлемнен айырылуы мүмкін. 

Ендігі зардап шеккен оқытушы бұл жағдайды осылай қалдырмаймын деп бекініп отыр. Ол әділдікке қол жеткізу үшін барлық инстанцияға шағымданбақ.

Талқылау