Заңсыз майнингпен айналысқан үш қазақстандықтан 900 миллион теңгенің мүлкі мен екі көлігі тәркіленді
Астанада 2022-2024 жылдар аралығында заңсыз майнингпен айналысқан үш азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Сот мәліметінше, үш азамат майнинг фермасын қозғалтқыштарды өңдеу орталығы ретінде жасырып ұстаған. Олар бір мегаполистің тұрғын ауданымен бірдей айлық электр энергиясын тұтынған.
“Заңсыз жолмен алынған цифрлық активтер 143 миллион теңгеден асады. Тінту барысында 1 257 асикмайнер (цифрлық активтерді өндіруге арналған жабдық), өнеркәсіптік салқындатқыш желдеткіштер мен трансформаторлық станция алынды”, – делінген хабарламада.
Сот оларды Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-тармағы (Заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет) бойынша кінәлі деп танып, айыппұл салды.
Сот шешімімен мемлекет пайдасына 900 миллион теңгеден астам мүлік, 2 көлік ("Toyota Camry", "Nissan Juke") және майнинг жабдықтары тәркіленді. Сонымен қатар сот қылмыстық табыс мөлшері ретінде 143,2 миллион теңгені мемлекетке қайтаруды міндеттеді.
Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін Теміртауда өндірістік база аумағында заңсыз майнинг фермасын ұйымдастырғандар анықталғаны туралы жазған едік.