Елорда тұрғыны кек алу мақсатында танысының атынан желіге ұятсыз жарнама жариялаған
Астаналық қыз кек алу мақсатында құрбысының атынан ұятсыз жарнама жариялап жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik
Елордалықтар арасында жанжал туындап, олардың біріне массаж қызметіне қатысты сұрақтармен қоңыраулар түсе бастаған. Мәліметке сәйкес, біреу OLX сайтындағы жарнаманың астына әйелдің суреті мен ұялы телефон нөмірін жариялап жіберген.
Ашуға булыққан Астана тұрғыны сотқа жүгініп, жанжалдың екінші қатысушысынан миллион теңге талап еткен.
Азаматтық істер бойынша Астана қаласының ауданаралық сотына талапкер Б. ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорғау және моральдық зиянның орнын толтыру туралы талап арызбен жүгінген. Ол моральдық шығын ретінде 1 миллион теңге талап еткен.
Сотта айыпталушы жарнаманы сайтқа кек алу мақсатында жариялағанын айтты. Сот процесі кезінде екі құрбы бітімге келген. Судьяның ұсынысы бойынша тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасты.
Оның шарттарына сәйкес жауапкер талап қоюшыға 5 айға бөлген 250 000 теңге моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге міндеттелді. Айыпталушы бұл соманы айына 50 мың теңгеден төлеп отыратын болды.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанайлық әйел 2021 жылдың қазанынан 2023 жылдың мамырына дейін Instagram желісінде қыздарды массажист ретінде жұмысқа қабылдайтыны туралы хабарландырулар орналастырып, жезөкшелікке тартқан.