Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Референдум өтетін күні қазақстандықтар қоғамдық көлікте тегін жүре алады

Фото: Stan.kz

15 наурыз референдум өтетін күні Қазақстанның бірқатар қаласында қоғамдық көлік тегін болады. Мұндай бастаманы әуелі Ақтөбе қаласының әкімдігі көтерді. Осы орайда Stan.kz мұндай жеңілдік тағы қай өңірлерде қарастырылғанын  анықтап көрді. 

Астана, Алматы және Шымкент, Қостанай қалаларында 15 наурыз референдум күні қоғамдық көліктер халықты тегін тасымалдайды. 

“Бұл күні қаладағы барлық бағыттағы қоғамдық көлікте жол жүру тегін болады. Мұндай шешім қала тұрғындарының сайлау учаскелеріне жетуіне мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.

Ақтөбе қаласы әкімдігі адамдарды тегін тасымалдау туралы ұсынысқа барлық тасымалдаушы компания келісім бергенін айтты. Осылайша өңірде республикалық референдум өтетін күні тұрғындар мен қала қонақтары қалалық автобустарда тегін жүретін болды. 

Әкімдік мәліметінше, қалада 46 бағыт бойынша 6 компания қызмет көрсетеді. Олар: “Автопарк” ЖШС, “Қызмет Ақтөбе” ШЖҚ КМК, “Qala Trans” ЖШС, “Akzhayik Avtopark” ЖШС, “RTT Group” ЖШС, “ТК ЖТК” ЖШС. 

Ал Маңғыстау облысы әкімдігі де осындай шараны қолға алғанын айтты. 

Маңғыстауда мереке күндері автобустар тегін қызмет көрсетеді

Олардың мәліметінше, Маңғыстауда 15 наурыз күндері қоғамдық көліктер жолаушыларға тегін қызмет көрсетеді. 

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 14-15 наурыз Амал мерекесі мен референдум өтетін күнге байланысты барлық жолаушы автобуспен тегін жүре алады.

“Бұл қызмет Бейнеу, Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы және Маңғыстау ауданішілік, Ақтау және Жаңаөзен қалаішілік маршруттарында қарастырылған. Бұл іс-шара тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, кедергісіз қоғамдық көлік қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған”, – делінген хабарламада. 

Ведомство мәліметінше, аталған тегін қызмет тек ауданаралық және қалааралық бағыттарға көрсетілмейді.

Түркістан облысы әкімдігі де бұл ақпаратты растады. Олардың мәліметінше, Түркістан, Кентау, Шардара, Сарыағаш, Арыс қалаларында қоғамдық көліктер референдум күні тегін болады. 

Павлодар облысы әкімдігі тұрғындарды қоғамдық көлікте 15 наурыз күні тегін жүре алатынын айтты. 

“15 наурыз күні қалалық қоғамдық көлікте барлық санаттағы жолаушылар үшін жол жүру тегін болады. Басқа күндері тегін жол жүру қарастырылмаған”, – делінген жауапта. 

Ал Қызылорда және Жамбыл облыстары мұндай шара қабылданбағанын айтты. Қалған өңірлердің әкімдігіне хабарласып көрдік, алайда жауап ала алмадық. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 11 Наурыз, 2026 11:59