Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздің бірнеше аймағында ішкі істер органының лауазымды тұлғалары жемқорлық үшін істі болды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров ішкі істер органдарындағы жемқорлық деректері жайында айтты. Антикор өкілінің сөзінще, еліміздің бірнеше аймағында бірқатар лауазымды тұлғалар жауапқа тартылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz 

Данияр Бигайдаров ұсынған деректерге сәйкес, Абай облысында Бесқарағай аудандық соты полиция бөлімі бастығының орынбасары Е. Қалиясов пен осы бөлімнің аға жедел уәкілі А. Ташиевке қатысты үкім шығарған. 

“Олар жергілікті тұрғынның 1 млн теңге сомасында ақшалай қаражатын қылмыстық жауапкершілікке тартпау сылтауымен иемденгені үшін кінәлі деп танылды.
Қалиясов пен Ташиевке 10 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар, Қалиясов "полиция подполковнигі", Ташиев "полиция майоры" арнайы атағынан айырылды”, – деді ол.

Ал Өскемен қаласының соты Шығыс Қазақстан облысы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ филиалының жылжымайтын мүлікті тіркеу бөлімінің бас маманы А. Қыдырбаеваға және Ішкі Істер министрлігі Көліктегі полиция департаменті бөлімшесінің бастығы Р. Байчинге қатысты үкім шығарған. 

“Қыдырбаева "жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" жүйесіне Байчиннің жылжымайтын мүлкінің жоқтығы туралы жалған мәліметтер енгізгені үшін кінәлі деп танылды.
Осы үкіммен Байчин жұмыс орнына тіркелген тұрғын үйдің жоқтығы туралы жалған анықтама беру арқылы 7,2 млн теңге сомасында тұрғын үй төлемдері түрінде бюджет қаражатын иемденгені үшін кінәлі деп танылды. Маман 2 жыл мерзімге ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға жіберуге байланысты квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, шартты түрде 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Полиция қызметкері залалдың толық өтелуіне байланысты "полицияның аға лейтенанты" арнаулы атағынан айырыла отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге сотталды”, – деп қосты ол. 

Ал Қостанай қаласының №2 сотында Қостанай станциясындағы полицияның жедел желілік бөлімінің уәкілі С. Аушаминге қатысты үкім жарияланған. Ол жалпы қамқорлығы үшін "Қазақстан темір жолы-Жүк тасымалы" ЖШС филиалының Қостанай бөлімшесінің пайдалану локомотив депосының басшылығынан 300 мың теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. 

Аушаминге мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасымен қатар, 9 млн теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сонымен қатар, ол "полиция лейтенанты" арнайы атағынан айырылды.

“Тараз қаласының соты Жамбыл облысы ПД жеке қауіпсіздік басқармасының тергеушісі Е. Кенжебаевтың үкімін жариялады. Ол қылмыстық іске сәйкес куәгерден оның жұмыс орны бойынша заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынысты жібермегені үшін 400 мың теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Кенжебаевке мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы мен 12 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол "полиция капитаны" арнайы атағынан айырылды”, – деп түсіндірді Данияр Бигайдаров. 

Талқылау