Елімізде жол бойындағы бір әжетхананы салуға қанша қаржы жұмсалатыны айтылды

Қазақстанда жол бойындағы бір әжетхананы барлық инфрақұрылымымен бірге салу құны 1 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін. Алайда оның 40%-ын “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы өз мойнына алуға дайын. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте компания басшысы Дархан Иманашев мәлімдеді.
Қазақстанда жол бойындағы қызметтік нысандар саны шамамен 1,3 мың. Оның ішінде 813-і суық, 176-сы жылы әжетхана.
“Әрбір санитарлық-гигиеналық нысанда QR-код орналастырылған. Әжетхананың қызметіне қатысты сұрақ туындаса, оның нөмірін көрсетіп, шағым қалдыруға болады. Біз жедел түрде шара қабылдаймыз”, – деді “ҚазАвтоЖол” басшысы.
Оның айтуынша, елде мүлде әжетханамен жабдықталмаған жол учаскелері де бар. Себебі кейбір жолдар 1950–60 жылдары салынған. Ол кезде мұндай санитарлық талаптар болмаған.
"Сенсорлы бастырма, арнайы душ пен кең бөлемелер": Шымкенттегі смарт-әжетханалар үздік деп танылды
Астана әкімдігі әжетханалар салу үшін 281 миллион теңге жұмсамақ
“Оңтүстік өңірлерде бұл мәселе шешілді. Алайда солтүстік аймақтарда әлі де өзекті”, – деді Иманашев.
Қазір “ҚазАвтоЖол” республикалық маңызы бар трассалар бойында әжетхана салуға дайын инвесторларды іздеп жатыр.
“Ұсыныстарды қабылдауға және өз мүмкіндігіміз аясында қолдау көрсетуге дайынбыз”, – деді компания басшысы.
Иманашевтың айтуынша, жобаның бағасы өңірге, қуатына және өткізу мүмкіндігіне байланысты өзгереді.
“1 миллиард теңгенің шамамен 30–40%-ы инфрақұрылымға кетеді. Демек ол су, электр желісі, алаңды асфальттауға жұмсалады. Сонымен қатар инвесторлар нысанға кіреберіс жол салуға да қосымша шығынданады. Әдетте бұл шамамен 1 шақырым жолды қамтиды”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Семей тас жолында бағасы пәтердің құнымен бірдей қоғамдық әжетхана салынғаны туралы жазған едік.
"Пасханы да, Ораза айтты да бірге тойламыз": Қазақстандық ару көпұлтты отбасындағы татулық пен ерекше дәстүрлері туралы айтты