Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде жиі заң бұзатын жүргізушілерге айыппұлға берілетін жеңілдікті алып тастау ұсынылды

Фото: freepik.com

Сенат депутаты Марат Қожаев Парламент палаталарының бірлескен отырысы кулуарында жол қауіпсіздігі мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутаттың айтуынша, бұған дейін Алматыда түрлі шаралар қолданылған, соның ішінде жылдамдықты шектеу де бар. Жылдамдық лимиті 60 км/сағ-қа дейін төмендетілген кезде бұл шешім қоғам тарапынан сынға ұшырап, кептеліс көбейеді деген пікірлер айтылған. Кейін шектеу 80 км/сағ-қа дейін көтерілгенімен, бұл да күткен нәтиже бермеді. 

Қожаев бұл мәселені шамамен бір жарым жылдан бері көтеріп келе жатқанын айтты. Ол депутаттық сауал жолдап, Үкімет тарапынан қолдау тапқан. Қазір бұл бағытта ішкі істер органдарымен бірлесіп, жұмыс жалғасып жатыр. 

“Менің ойымша, жол қозғалысы ережелерін әдейі және жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге қатысты талаптарды өзгерту қажет. Әңгіме жылына 100, 200, 300, тіпті 450-ге дейін құқықбұзушылық жасайтын, яғни күн сайын ереже бұзатын жүргізушілер туралы болып отыр. Соған қарамастан, олар айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу мүмкіндігін пайдаланып келеді. Осындай құқық бұзушылар үшін бұл норманы алып тастау керек”, – деді сенатор.

Сенатор ұсынылған өзгерістер заңға бағынатын азаматтарға әсер етпейтінін айтты. 

“Оның айтуынша, елдегі жүргізушілердің шамамен 95%-ы жол қозғалысы ережелерін сақтайды. Ал бұл бастама ережені елемейтін, жолдағы басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тұлғаларға бағытталған”, – дейді Қожаев. 

Сонымен қатар ол көлік ең үлкен қауіп көзі екенін еске салды. Алайда кейбір жүргізушілер мұны толық түсіне бермейді дейді. 

“Бұл өз-өзіне тым сенімді болудан ба, әлде айыппұлды оңай төлей алу мүмкіндігінен бе әлде интеллектуалдық деңгейдің төмендігінен бе нақты айта алмаймын. Сондықтан мұндай жүргізушілерді шетелдердегі тәжірибе секілді арнайы тесттерге жіберу нұсқасын қарастыруды ұсындым”, – деді сенатор.

Айта кетейік, бұған дейін Сенатор Марат Қожаев Қазақстанда жол ережесін өрескел бұзатын жүргізушілерге жазаны қатаңдатуды ұсынып, оларды ақымақтықты анықтайтын тестке жіберу керегін айтқан еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 27 Наурыз, 2026 11:50