Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еңбек министрлігі тұрақты тіркеуі жоқ адамдарға зейнетақы мен жәрдемақы төлемеуді ұсынды

тіркеуі жоқ зейнеткерлергеФото: freepik.com

Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлемеу ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша Әлеуметтік кодекске енгізілетін түзетулерде тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерін тоқтату қарастырылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің пікірінше, мұндай шаралар "бюджет қаражатын тиімді жұмсауға оң әсер етеді". Әлеуметтік кодекске сәйкес, зейнетақы мен жәрдемақылар Қазақстан азаматтарына, қандастарға және елде тұрақты тұратын шетелдіктерге ғана беріледі. Алайда министрлік жүргізген тексеріс нәтижесінде, белсенді алушылардың арасында 108 мыңнан астам адамның тұрақты тіркеуі жоқ екені анықталған. Ал тағы 28 мыңнан астам азамат тек уақытша тіркеумен жүрген.

"Бірқатар заңнамалық түзетулер ұсынылады. Атап айтқанда, Әлеуметтік кодекстің 83, 92, 95, 129, 178, 179, 185, 189, 195-5, 202, 204, 216, 237 және 238-баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Бұл тұрақты тұрғылықты жері барын растайтын деректері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде жоқ алушыларға зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерін тоқтата тұруға қатысты. Сонымен бірге бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған өзге де шаралар енгізіледі", – делінген құжатта.

Қазір бұл мәселе Конституциялық соттың қарауында екені нақтыланды. 

Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес, толық мемлекет қамқорлығындағы кейбір зейнетақы және жәрдемақы алушыларға төлемдер ішінара немесе толық көлемде аталған мекемелердің арнайы шоттарына аударылады.

Министрлік мәліметінше, стационарлық үлгідегі әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын ұстауға жергілікті бюджеттен жыл сайын 92 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалады. Мұндай жағдайда толық мемлекет қамқорындағы адамдар мен өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған зейнетақы, жәрдемақы алушылар арасында әлеуметтік қамсыздандыруда теңгерімсіздік байқалады. Соңғылары азық-түлік, бірінші қажеттіліктегі тауарлар, коммуналдық қызметтер, жол жүру шығындарына алған зейнетақысы мен жәрдемақысынан артық қаржы шығындайды. Бұдан бөлек, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында зейнетақы мен жәрдемақыларды жымқыру фактілері де тіркелген. Осыған байланысты министрлік толық мемлекет қамқорындағыларға зейнетақы мен жәрдемақының 70%-ын мекемелердің бақылау шотына аударып, 30%-ын ғана олардың жеке қажеттіліктеріне төлеуді ұсынды.

Министрлік мұндай ұсыныстар шетелге қоныс аударып, басқа елде тұруға рұқсат алған қазақстандық зейнетақы және жәрдемақы алушылар тарапынан наразылық тудыруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан ведомство оларға төлемдерді "жағдай толық анықталғанға дейін уақытша тоқтата тұруды" ұсынды.

2025 жылы республикалық бюджеттен зейнетақымен қамсыздандыруға 4,25 триллион теңге бөлінді. Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұратын зейнетақы және жәрдемақы алушылар саны 21,2 мың, ал қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан алушылар саны 1,6 мың адам болды. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 04 Қыркүйек, 2025 14:47
Талқылау