Елімізде тәтті сусындар мен энергетиктерге 20% салық салынбақ
Фото: smartik.ru
Денсаулық сақтау министрлігі келесі жылы тәтті сусындар мен энергетиктерге 20% салық салуды жоспарлап отыр. Өйткені бұл өнімдер халықтың денсаулығына кері әсерін тигізеді деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Адамдарда осы сусындардың кесірінен семіздік пен қант диабеті пайда болып, тісжегі бұзылып, кальций азайғандықтан оларға сұранысты азайту үшін қосымша акциздік салық енгізу мәселесі қолға алынбақ.
“Аталған сусындардың қолжетімді болуы кері әсерін тигізіп жатыр. Өйткені екінің бірі күнде тәтті, газдалған сусындарды тұтынады. Энергетикалық сусындарды ішеді. Оны шектен тыс қолдану аурудың белең алуына әкеледі. Сондықтан акциз енгізу мәселесін көтеріп отырмыз. Яғни, салық салу арқылы шамадан тыс қолдануды тоқтата аламыз деп ойлаймын”, – дейді Денсаулық сақтау министрлігі департамент директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, құрамында қанты бар сусындарға салық кем дегенде 20% болуы керек. Отандық мамандардың есептеуінше, елімізде 6 мен 9 жас аралығындағы ұл-қыздардың 17%-ы тәтті сусындарды күн сайын тұтынады. Ал 9 миллионнан астам қазақстандық тұрақты түрде энергетикалық сусын ішеді. Соның кесірінен соңғы бес жылда қант диабетімен ауыратындар саны 20%-ға артыпты.
Ал қанты бар сусындарды өндіретін кәсіпкерлер салықты көбейту тек өнім бағасын өсіруге сеп болады деп отыр. Тіпті, отандық кәсіпорындар бәсекеге төтеп бере алмай импорттық тауарлар ел нарығын жаулайды деп есептейді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, заң жобасы әлі талқыланып жатыр. Жоспар бойынша келесі жылы нақты шешім шығуы тиіс.

“Енем басқа дінде болса да, мен үшін мешітке барды”: Үнді жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы өмірі туралы айтып берді
