"Тальго" пойыздарына атышулы "зорлық" оқиғасынан 7 жыл өткен соң бейнебақылау камералары орнатылды
"Тальго" пойыздары бейнебақылау камераларымен жабдықталды. Енді бұл жолсерік пен ҚТЖ басшылығына сапар кезінде жағдайды бақылауда ұстауға және бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қазақстан Темір жолы
"Жолаушылар тасымалы" АҚ жолаушылар қауіпсіздігін арттыру мақсатында 24 “Тальго” пойызына бейнебақылау камерасын орнатты. Вагондарда орнатылған 1350 камера пойыз ішіндегі жағдайды тәулік бойы үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді.
“Бейнебақылау жүйесі пойыздың ең маңызды аймақтарын қамтиды. Оның ішінде жолаушылар вагондары, кіреберістер мен шығаберістер және ортақ пайдаланылатын аумақтар бар. Бұл шаралар оқыс оқиғалар мен құқықбұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ билетсіз жолаушыларды анықтауға және кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге жәрдем береді”, – делінген хабарламада.
Бейнебақылау жүйесінен алынған ақпарат тек Ұлттық тасымалдаушының ситуациялық орталығындағы уәкілетті мамандарға ғана қолжетімді. Жоба іске қосылғаннан бері барлық жылжымалы құрам тұрақты бақылауда. Ал бейнематериалдар жолаушылардың шағымдарын әділ әрі жан-жақты қарастыру үшін қолданылады.
Қазіргі уақытта Ұлттық тасымалдаушы барлық стандартты вагондарды бейнебақылау жүйесімен жабдықтау бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар жолаушылар пойыздарында интернет желісін іске қосу арқылы нақты уақыт режимінде бейнебақылау жүргізу және бейнеаналитика жүйесін енгізу мәселелері қарастырылып жатыр.
Жақында пилоттық жоба ретінде №3/4 "Астана – Алматы" пойызында интернет желісі іске қосылды. Бұл енгізулер пойыз ішінде болып жатқан оқиғаларды онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді.
Заманауи бейнеаналитика жүйесі пойыз ішіндегі жағдайды тұрақты бақылап қана қоймай, деректерді өңдеу үдерісін автоматтандыруға жол ашады. Сондай-ақ жасанды интеллект технологиялары бейнеағынды талдап, ықтимал қауіптерді ерте анықтауға және оқыс оқиғалардың алдын алуға жағдай жасайды.
Еске салайық, “Тұлпар-Тальго” пойызының екі жолсерігі 35 жастағы әйелді зорлаған. Олар Қылмыстық кодекстің 120-бабы (қызметтік міндеттерін орындау кезінде зорлау) бойынша кінәлі деп танылған еді. Екеуі небәрі бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал жақында "Тальго" пойызындағы зорлау ісі бойынша жәбірленуші кездейсоқ түрде қорлық көрсеткен адамның "жасырын" шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғанын білген. Осылайша ол Бас прокурордан бұл шешімге наразылық білдіруді сұраған.