Елімізде шетел азаматтарына арналған жаңа казиноларға қазақстандықтардың кіруіне тыйым салынады

Елімізде шетел азаматтарына арналған жаңа казиноларға қазақстандықтардың кіруіне тыйым салынады. Ал өз азаматтарымызды кіргізген жағдайда казино иелеріне 6 миллион теңгеден аса айыппұл салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл талап тек жаңадан ашылатын құмар ойын нысандарына қатысты болады. Яғни Каспий теңізі мен Алакөл жағалауында, сондай-ақ Талғар, Марқакөл және Зайсан аудандарында ашылатын казинолар тек шетел азаматтарына қызмет көрсетеді. Қазақстандықтарға кіруге шектеу қойылады.
Осылайша, елімізде ойын бизнесіне рұқсат берілген аумақтар саны артады. Қапшағай мен Бурабайға қосымша ретінде Маңғыстау, Жетісу, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы туристік аймақтар енгізілмек.
Бұл шешім өңірлерге шетелдік туристер мен инвесторларды көбірек тартуға бағытталған. Сонымен қатар, казино қызметі мен келушілерге бақылау күшейтіледі. Жаңа талаптарды бұзғандар лицензиясынан айырылуы мүмкін. Айыппұл көлемі – 6 миллион 487 мың теңге.
“Мысалы, казиноға қандай да бір себептермен Қазақстан азаматы кіргені анықталса, бірінші кезеңде айыппұл салынады. Оның көлемі 300-ден 500 айлық естептік көрсеткішке дейін барады. Ал, тәртіпті екінші рет бұзса, әкімшілік жаза мөлшері 1500 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Егер заңбұзушылық жүйелі сипатқа ие болса, казино лицензиясынан айырылады. Демек, оларға қазақстандықтарды кіргізу тиімсіз болады”, – деді Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев.
"Денем кез келген уақытта ісіп кетеді": Қазақстандық өзінің ісік ауруымен ауыратынын 50 жылдан кейін ғана білген