Елімізде шағын несие беру талаптарына өзгертулер енгізіледі
Кәсіпкерлікті бастағанына 3 жылдан асқан азаматтар бұдан былай шағын несие ала алмайды. Президенттің бес бастамасының бірі – микроқаржыландыру бағдарламасына биыл өзгерістер енгізілмек. Мұны Үкімет үйінде өткен брифингте Ұлттық экономика министрлігінің өкілі айтты.
Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.
Биыл қаражат бөлуде шектеулер бар. Ауылдық жерде ісін дөңгелеткісі келгендер 8 миллион теңгеге дейін, ал қалалық жерде бизнес бастайтындар 15 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды. 19 миллион теңгеге дейінгі қаражат тек Астана, Алматы, Атырау, Ақтауда кәсіп ашатын азаматтарға беріледі. Үкімет биыл шағын старт-ап жобаларды қаржыландыруға ден қоймақ.
«Биыл осы шектеулерді арнайы енгізіп отырмыз, түзету ретінде дайындап отырмыз. Әлі енгізілген жоқ. Мұның басты маңызы – осы қаражатты күтіп отырған, бизнесті жаңа ғана бастап жүрген адамдарға арнайы бағыттау», – дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Шыңғыс Ахметов.
Кәсіп ашқысы келген азаматтар алдымен кәсіпкерлікке икемі бар-жоғын анықтайтын тесттен өтуі керек. Ал одан өткендер арнайы курстарда білім алуы қажет. Мұндай талап кәсіпкерлердің барлығына бірдей міндеттелмек. Өйткені бизнесті ашу бір басқа, оны дөңгелетіп әкету – екінші мәселе. Ол арнайы білімді қажет етеді.
Оқи отырыңыз:
«Астана Банкі» Назарбаевтың сынына жауап берді
Назарбаев: Qazaq Bank, Астана Банкі және Эксимбанк нашар көрсеткіштерге ие
Жамбылдық шенеунік шаруаларға бөлінетін субсидияны отбасылық бизнесіне аударып отырған