Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде шағын және орта бизнес өкілдері Қосылған құн салығына тіркелуді кешіктіргені үшін жауапкершіліктен босатылады

Фото: freepik.com

Қазақстанда жаңа Салық кодексіне кезең-кезеңімен әрі тиімді көшу үшін шағын және орта бизнесті қорғауға бағытталған бірқатар шара қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қабылданған шара туралы Үкімет отырысында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

“Жаңа Салық кодексіне икемді көшу мен шағын және орта бизнестің зардап шекпеуі үшін жедел шаралар қабылданды. Олар бекітіліп, осы аптада өзгерістер туралы ресми түрде хабарлаймыз”, – деді ол.

Бизнесте не өзгереді?

Вице-министр салық реформасы аясында күшіне енетін негізгі шешімдерді айтты.

Біріншіден, шағын және орта бизнес қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша есепке уақытында тұрмағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

“Біз үшін ең үлкен мәселе осы болды. Қазір соттарда салық төлеушілерге қатысты іс қаралып жатыр”, – деді Ержан Біржанов.

Екіншіден, жаңа жылдан бастап негізгі салық қарызы төленген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару нормасы енгізіледі.


"Өтініштер түсіп жатыр": Тоқаев жаңа Салық кодексіне қатысты үкіметке тапсырма берді


Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келіп түсті, мен премьер-министрге тапсырма бердім – Тоқаев


Өткен жылдар бойынша тексеру жүргізілмейді

Тағы бір маңызды шешім, алдыңғы салық кезеңдері бойынша тексеру жүргізілмейді.

“Біз өткен кезеңдерге қатысты камералдық бақылауды алып тастаймыз. Демек 2026 жылы 2023, 2024 және 2025 жылдар бойынша камералдық бақылау хабарламалары жолданбайды”, – деді вице-министр.

Сондай-ақ аталған жылдар үшін салық тексерулері де жүргізілмейді.

«Демек біз өмірді жаңа парақтан бастаймыз», - деді Ержан Біржанов.

Сот та талап қоймайды

Бұдан бөлек, салық органдары  шағын және орта бизнеске қатысты өткен кезеңдердегі мәмілелер бойынша сот талаптарынан бас тартады.

“Бұл жаңашылдықтардың барлығы  шағын және орта  бизнесті қолдауға бағытталған”, – деді Қаржы вице-министрі.

Қазақстанда жаңа Салық кодексі

Қазақстанда 2026 жылы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Салық реформасы аясында бастапқыда тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімін кеңейту, яғни оған 44-тен астам қызмет түрін енгізу жоспарланған еді. Бұл мәселе Үкімет, депутаттар және бизнес өкілдерінің қатысуымен ұзақ уақыт бойы талқыланды. Қыркүйек айында Мәжіліс депутаттары тыйым салынған тізімге шамамен 1000 Экономикалық қызметтің жалпы жіктеуіші енуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Кейін Ұлттық экономика министрлігі жеңілдетілген салық декларацияларына негізделген арнайы салық режиміне тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімін бекіту туралы үкімет қаулысының жобасын жариялады. Тізімге 1111  Экономикалық қызметтің жалпы жіктеуішінің 795 қызмет түрі немесе салық төлеушілердің шамамен 30%-s кірді.

Алайда қазан айында Қазақстан Үкіметі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың жағымсыз салдарын азайтуға бағытталған бірқатар шешім қабылдады.

Атап айтқанда, жаңа Салық кодексінің шағын және орта бизнеске тигізетін теріс әсерін төмендету үшін оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға қатысты артық шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде тыйым салынған тізімде қолданыстағы заңнамаға сәйкес небәрі 44 қызмет түрі ғана қалды.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 17 Желтоқсан, 2025 16:16