“Елімізде пара спортшыларға дұрыс көңіл бөлінбейді” — Ербол Хамитовтың туысы

Италияның Тесеро қаласында өткен XIV қысқы Паралимпиада ойындарында Ербол Хамитов Қазақстан қоржынына бір алтын және бір қола жүлде салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жарыстан кейін елге оралған спортшыны әуежайда қарсы алып, оған екі бөлмелі пәтердің кілті табысталды.
Алайда Ерболдың туысы Гүлнәр Әсембаеваның айтуынша, елімізде пара спортшыларға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейді.
“Менің ойымша, елімізде пара спортшыларға дұрыс көңіл бөлінбейді. Дегенмен Ерболдың тарихи жетістігінен кейін бұл спорт түріне басшылардың көзқарасы өзгереді деген үміт бар. Менің арманым пара спортшыларға мемлекет тарапынан лайықты қолдау көрсетілсе екен. Өйткені олардың еңбегі орасан зор. Мұндай жетістікке жету екінің бірінің қолынан келмейді. Оның үстіне олар өзгелерден екі-үш есе артық еңбек етеді. Бұл нағыз жеңіс. Олар тек спортта ғана емес, өмірде де мойымай, өзгелерге мотивация береді”, – деді Гүлнәр Әсембаева.
Айта кетейік, Милан–Кортина қысқы Паралимпиада ойындары 6–15 наурыз аралығында Италияда өтті.
Оған 55 елден 600-ден астам спортшы қатысып, 79 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы 7 спортшымен 2 спорт түрінен қатысып, жалпы есепте 18-орын алды.
Ербол Хамитов биатлоннан алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар жарыстың алғашқы күнінде 1500 метрлік классикалық спринтте қола жүлдеге ие болды.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған