Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде өткен жылы мешіт құрылысы 54%-ға өскен

Фото: freepik.com

2025 жылы Қазақстанда 20 жаңа мешіт пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 54% көп. Ал соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бірінші несие бюросының мәліметінше, 2025 жылы ел бойынша 20 мешіт іске қосылған. Ал бұдан да жоғары көрсеткіш соңғы рет 2015 жылы тіркелген. Ол кезде 24 мешіт ашылған. Бұл деректер Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне негізделген.

Жинақталған деректер соңғы жылдары елімізде мешіт құрылысының өскенін көрсетеді. Атап айтқанда, 2021–2025 жылдары жылына орта есеппен 17,4 мешіт салынған. Бұл алдыңғы бес жылдық кезеңмен салыстырғанда (жылына 8,8 мешіт) шамамен екі есе көп.

“Дегенмен, әр жылдары пайдалануға берілген мешіттердің бір-бірінен қалай ерекшеленетінін тікелей бағалау мүмкін емес. Ссебебі олардың сыйымдылығы туралы ақпарат жарияланбайды. Дегенмен, ғибадат орындарының нақты құны туралы қолжетімді деректер жанама салыстыру мүмкіндігін береді”, – делінген бюро хабарламасында. 

Бюро мәліметінше, 2025 жылы мешіт құрылысына бөлінген қаржы көлемі номиналды түрде өткен жылмен салыстырғанда шамамен үш есеге өсіп, 12,6 миллиард теңге болған. Дегенмен бұл рекордтық көрсеткіш емес. Мысалы, 2022 жылы қаржыландыру көлемі әлдеқайда жоғары болған, яғни 118,8 миллиард теңге. Оның 97 пайызы (114,9 миллиард теңге) елордаға тиесілі. Дәл сол жылы Орталық Азиядағы ең ірі мешіт Астана қаласындағы бас мешіт ашылған.

Қазір пайдалануға берілген мешіттер саны мен олардың нақты құны бойынша Қызылорда облысы көш бастап тұр. Бұл өңірде 11 мешіт салынған. Ал олардың жалпы құны 9,7 миллиард теңге болған. Аймақ бұл мәртебені екінші жыл қатарынан сақтап келеді. Ал 2021 жылға дейін Қызылорда облысында мешіт құрылысы іс жүзінде болмаған.

2025 жылы Қызылорда облысынан бөлек Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Ақмола облыстарында да мешіттер пайдалануға берілген.

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 27 Қаңтар, 2026 17:38