Елімізде консервіленген ақбөкен еті сатыла ма – Батыс Қазақстан облысының әкімі жауап берді
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ақбөкен етінен консерві жасалмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аймақ басшысының айтуынша, қазір консервіленген ақбөкен етін дайындау және оны сату жоспарда жоқ.
"Ақбөкендер санын реттеуді тоқтаттық, оларды атып немесе арнайы тормен аулап ұстауға да болмайды. Сондықтан олардың етінен консерві дайындау немесе етін сату жөнінде ешқандай ақпарат жоқ", – деді өңір әкімі.
Бірақ елдегі ақбөкендердің бір бөлігі Ресей Федерациясына көшірілуі мүмкін. Өйткені екі елдің тиісті министрліктері ақбөкендер жүретін шекарадағы жолдарды ашу жөнінде келісімге келген.
"Бүгінде ақбөкендер жайылып жүрген елді-мекендері – оңтүстіктегі аудандар. Ақбөкендердің бұрыннан қалыптасқан миграция жолдары бар. Ресей шекарасына өтеді немесе Қазақстан шекарасына кіреді. Шекарадан өздерінің бұрынғы жолдарын ашу жөнінде біздің экология министрлігі және Ресейдің осыған жауапты министрліктері осындай келісімге келді. Әзірге етін сатып та жатқан жоқ, ешқандай консерві жасалып жатқан жоқ", – деді ол брифинг барысында.