"Түрмеден кейінгі үй": Елімізде колониядан босатылғандарға уақытша баспана берілмек
Еңбек министрлігінің 6 наурыздағы бұйрығымен Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар жұмысының қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: news.sportbox.ru
Қағида белгіленген тұрғылықты жері жоқ, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған немесе пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына уақытша тұру ұйымын құруды көздейтін тармақпен толықтырылды. Олар республикалық-облыстық маңызы бар қалаларда, Астанада, халқының саны 100 мыңнан асатын аудандық маңызы бар қалаларда, мемлекеттік секторда құрылады.
Халық саны 50 мың және одан да көп аудандарда, ауылдық округтерде жергілікті атқарушы органдардың шешімімен бір аудан деңгейінде уақытша тұру ұйымын құруға рұқсат беріледі.
Қағида мемлекеттік сектордың арнаулы әлеуметтік қызметтерін көрсететін ұйымдар республикалық-облыстық маңызы бар қалаларда, Астанада арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж адамдар саны кемінде 50 адам, аудандық маңызы бар қалаларда, кенттерде, аудандарда 25-тен кем емес халыққа әлеуметтік қызмет көрсету жағдайлары бар ауылдық округтерде жергілікті атқарушы органдардың шешімімен құрылады деген тармақпен толықтырылды. Сонымен бірге бір-бірінен бес шақырымнан астам радиуста үйге қызмет көрсететін ұйымдар құрылады.
Бұйрық 2025 жылы 24 наурызда күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін прокуратура Атбасар колониясындағы азаптау ісі бойынша алқабилер сотының шешіміне наразылық білдіріп, ақтап алу үкіміне шағымданғаны туралы жазған едік.