Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде Голливуд фильмдерін қазақ тіліне дубляждауға бөлінген 443 миллион теңге игерілмей қалған

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов 2023-2024 жылдары шетелдік фмльмдерді қазақ тіліне дубляждауға бөлінген 443 миллион теңге игерілмей, бюджетке қайтарылғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Артем Коротаев / ТАСС

Сенаттың жалпы отырысында депутат Айгүл Қапбарова шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждау жөнінде сұрақ қойған.

"Бюджеттен жыл сайын шетелдік 15 фильмді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қолдау арқылы шамамен 443 млн теңге бөлінеді. Келер 2025-2027 жылдары дубляжға осы сомада қаражат ескерілген. Алайда 2023-2024 жылдары аталған қаражат игерілмей, бюджетке қайтарылды. Яғни екі жылда шетелдік фильмдер дубляжданбаған. Бұл ретте көрерменнің әлемдік деңгейдегі туындыларды ана тілінде көру құқығы ескерілмей отыр. Атап айтқанда, қаражаттың бюджетке қайтарылуы себебі неде?" – деп сұрады сенат депутаты. 

Вице-министр жауап беру барысында Қанат Ысқақов былтыр шетелдік 15 фильмді аударуға қаражат бөлінгенін айтты. Алайда аударма жұмыстары атқарылмай қалған. 

"Басты себеп неде? Ең алдымен, голливудтық немесе анимациялық фильмдерді қазақ тіліне аудару үшін бізде бірнеше қатаң шарт бар. Әрине, осы шарттар біздің салт-дәстүрімізге, заңнамамызға сәйкес келеді. Бірақ екі күрделі талап бар, яғни ірі дистрибьюторлық компаниялар оларды жүзеге асыра алмай отыр. Біріншіден, әрбір голливудтық немесе анимациялық туындыны қазақшаға аударардың алдында онлайн сауалнама болуы керек. Оған бірнеше ай керек. Екіншіден, тек қана жоғары рейтинг алуға қауқарлы фильмдер аударылуы қажет деген шарт бар. Осы екі талапты орындау үшін 3-4 ай уақыт өтеді. Бұл уақыт тым ұзақ болғандықтан, оған ешкім қызығушылық танытпайды. Сондықтан министрлік Парламент Мәжілісіне тиісті заң жобасын енгізіп, бұл екі норманы жеңілдету жұмысын атқарып жатыр", – деді Қ. Ысқақов.

Оның айтуынша, қазір фильмдерді толықтай қазақ тіліне аудару іс-шаралары атқарылып жатыр. Бұл тұрғыда дистрибьюторлық компаниялар өз қаражатына осы жұмысқа кірісіп отыр. Өйткені қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныс артып келеді.

Талқылау