Елімізде доллар тағы да арзандай түсті
Ұлттық валютамыз соңғы бір жыл ішіндегі рекордтық деңгейге дейін нығайды. Қор биржасында бүгін доллар бағамы 313 теңге 45 тиын болды. Валюта айырбастау орындарында АҚШ ақшасының сатылу құны тіпті 312 теңгеге дейін түсіп кеткен, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Фото: ZONAkz
Ұлттық банк, мұны бірінші кезекте қара алтын нарығындағы өзгерістермен байланыстырып отыр. Бүгін Brent маркалы мұнайдың бір баррелі Лондон биржасында 56 доллар 80 центке сатылды. Яғни ол 1,2 пайызға қымбаттаған. Еліміздегі мұнай экспортерлері де қазір салық төлеп жатыр екен. Алыс-берістің тек теңгемен жүретінін ескерсек, ұлттық валютаның нығаюына бұл да әсер еткен. Осы орайда отандастарымыз күш жинап келе жатқан теңге тауар бағасының түсуіне түрткі болады деген сенімде. Экономистердің басым бөлігі бұл өзгеріс инфляция деңгейін түсіріп, расымен де қызмет пен тауарлардың арзандауына әкеледі деп отыр. Бірақ кәсіпкерлердің көбі сөрелердегі бағаларды бірден ауыстырмай, шамамен 1-2 ай күтеді деген болжам бар.
“Менің ойымша, ішкі өнімге бағалар түсуі керек. Бірақ арзандаған доллар мен евро ішкі нарықтың бағаларына да әсер ету керек деген үміт бар”, – дейді экономист Меруерт Махмұтова.