Елімізде балаларға әлеуметтік желіге кіруге шектеу қойылады: Мұның қалай жүзеге асатыны айтылды

Мәжіліс депутаттары балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге кіруін шектеу туралы ұсыныс білдірген еді. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Қазір бұл мәселе зерделеу және талқылау кезеңінде тұр. Министрлікте арнайы жұмыс тобы құрылған, олар балаларды заңға қайшы, зиянды контенттен қорғаудың жолдарын қарастырып жатыр. Мұндай тәжірибе қазір көптеген елде бар.
“Қазір шектеулерді қарастырып жатырмыз. Бірнеше ұсыныстар айтылды. Министрлікте жұмыс тобы құрылды. Басқа елдер секілді біз ле балаларды орынсыз контенттен қорғағымыз келеді. Бұл мәселе ашық және ата-ана, мұғалімдер және БАҚ өкілдерімен бірге, қоғам болып талқыланады”, – деді Сүлейменова.
Қазақстанда балалардың желілерге тіркелу жасына шектеу жасау ұсынылды
Сонымен қатар, Жұлдыз Сүлейменова қазір министрлік қарастырып жатқан нақты шараларды атап өтті:
Балаларға арналған SIM карталарды тіркеу. Бұл интернетке қолжетімділікті бақылаудың алғашқы қадамы;
14 жасқа толмаған балалар пайдаланатын контенттерді бақылау, заңсыз материалдарды анықтау және бұғаттау;
Мектептердегі цифрлық және медиа сауат. Онда балаларға интернет пен әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалануды үйретеді.
“Балалардың әлеуметтік желіні пайдалануын шектеу мәселесін БАҚ өкілдері және ата-аналармен талқылау қажет. Қазір жұмыс тобы құрылды. Алдағы уақытта оны талқылайтын отырыста басқа да мәліметтермен бөлісеміз”, – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменова бастама әлі талқыланып жатқанын, әлі түпкілікті шешім қабылданбағанын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіге кіруін шектейтін заң жобасы талқыланып жатқаны туралы жазған едік.