Елімізде азық-түліктің қымбаттағаны үшін шенеуніктер жазаланады
Жыл басынан бері Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 2,4% өсті. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов үкімет отырысында баға өсімі үшін шенеуніктер жауапқа тартылатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бәрінен бұрын бағаның өсуін импортқа тәуелді өнімдер, экспортқа сұранысы жоғары тауарлар, сондай-ақ маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде қымбаттайтын көкөністер көрсетті. Олардың жалпы өсімге қосқан үлесі 2 пайыздық тармақты құрады", - деді Сұлтанов.
Министр азық-түлік тауарларының бағасы өндіріс пен тұтыну теңгеріміне ғана емес, сонымен қатар импортталатын және экспортталатын өнімдердің үлесіне де тәуелді екенін атап өтті. Осыған байланысты ол ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың атқарушы органдарымен бірге өндірісті барынша көбейтуді тапсырды.
"Тұрақтандыру қорларының көлемі жеткіліксіз, яғни 3,7 млрд. теңгеге 25,4 мың тонна қалыптасты. Олардың араласуы жалпы тұтынудың тек 0,2% -дан 1,4% -на дейін келеді. Бұл бағаға әсер етпейді. Сондай-ақ тұрақтандыру қорларының өздері де тиімсіз қалыптасады", - деп баса айтты сауда министрлігінің басшысы.
"Бірінші тоқсандағы аймақтардың жұмысын талдау нәтижелері бойынша министрлік атқарылған жұмыстар туралы ақпарат енгізеді, нақты нәтижелер болмаған жағдайда біз әкімдердің қадағалаушы орынбасарларын жауапкершілікке тарту туралы мәселе көтереміз", - деп қорытындылады Бақыт Сұлтанов.