Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде қоғам белсенділері алимент төлейтін азаматтардың қаражаты қайда жұмсалып жатқанын тексеруді сұрады

Фото: divorcelawyersformen.com

Елімізде алимент төлейтін азаматтар төлеп отырған қаражатының пайдалану тәртібін қайта қарауды талап етіп отыр. Инициативтік топ Парламент Мәжілісіне ресми өтініш жолдады. Олардың айтуынша, алимент заң жүзінде баланың ақшасы болып саналса да, іс жүзінде мемлекет тарапынан бақылау жоқ. Ал алимент төлейтін ата-ана бұл қаржының қайда және қалай жұмсалып жатқанын біле алмайды дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Инициативтік топ мүшелері алименттің мақсатты жұмсалуын реттеуді ұсынды. Ел бойынша шамамен 200 белсенді алимент алушыларға міндетті есеп беруді енгізуді ұсынды. Олар төлемдердің мақсатты жұмсалуын заңмен бекітуді, бала атына арнайы есепшот ашуды және сот орындаушылның бақылауын күшейтуді талап етіп отыр. Белсенділердің айтуынша, алимент мөлшері жоғары болған жағдайда, баламен бірге тұратын ата-ана қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы есеп беруі тиіс.

Қоғам белсендісі Андрей Кузьминнің айтуынша, кейбір жағдайларда алимент жеке мақсатқа пайдаланылып жатады. Ол кейбір аналардың алиментті табыс көзіне айналдырып, оны баланың қажетіне емес, өз қажетіне жұмсайтынын алға тартты.


"Алимент төлемеген әке үш жасар ұлын шетелге алып кетіп, қайтармай қойған": Қазақстандық әйел көмек сұрайды


Жетісу облысында сот орындаушысы балалардың алиментіне төленген ақшаны жымқырып келген


“Көбіне әйелдер алиментті табыс көзіне айналдырып алған. Олар үш бала үшін әр балаға айына 500–600 мың теңгеден алып, бұл қаражатты баланың қажетіне емес, өз мақсаттарына жұмсайды. Тіпті шетелде демалып жүреді. Осылайша ажырасуды пайда көзіне айналдырып, алименттің қалай жұмсалғаны жөнінде есеп бермейді. Мұндай жағдайда балалар өздерін назардан тыс қалғандай сезініп, анасының қасында қалғысы келмейді”, – дейді қоғам белсендісі. 

Ал мамандар бұл мәселенің екіжақты екенін айтады. Бір жағынан, бақылау қажет болуы мүмкін. Ал екінші жағынан, алимент шығынын тексеру ата-аналар арасындағы жеке кикілжіңде қысым көрсету құралына айналуы ықтимал.

Ұлттық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі кеңес мүшесі Тоғжан Қожанованың айтуынша, алименттің нақты қай бөлігі балаға, қай бөлігі тұрмыстық қажетке жұмсалғанын ажырату қиын. 

“Бірақ алименттің нақты қайда жұмсалғанын қалай анықтауға болады? Мысалы, азық-түлік, күнделікті күтім, ем-дом немесе дәрі-дәрмекке кеткен шығынды қалай бөліп көрсетуге болады? Бір өнімнің  әйелге немесе балаға алынғанын ажырату қиын. Сондықтан кейбір елдерде алимент арнайы картаға түседі де, ол тек белгілі бір қызметтерге мектепке, білімге, медицинаға немесе балабақшаға ғана жұмсалады”, – дейді Тоғжан Қожанова. 

Сарапшылардың айтуынша, әлемдік тәжірибеде бұл мәселе көбіне ата-аналар арасындағы сенімге негізделеді. Ал алимент сомасы жоғары болған жағдайда, арнайы қор немесе балаға есепшот ашылып, қаражаттың қайда жұмсалғаны ашық көрініп тұрады.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың пікірінше, баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың еңбегін қаржымен өлшеу мүмкін емес. Оның айтуынша, баланың күтімі, тәрбиесі, ауырған кезде жанында отыруы бұл да үлкен үлес.

Сонымен қатар мамандар егер бала шынымен тамақ, күтім немесе медициналық көмектен тарығып жатса, бұл жағдайға қорғаншылық және қамқоршылық органдары араласа алатынын айтты. 

Ұсыныс жасаған бастамашыл топ өз талаптарын Парламент мәжілісіне жолдаған. Енді бұл мәселе заң шығарушы органда қаралуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржылық жағдайы нашарлаған қазақстандықтар алимент төлеуден босатылатыны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 29 Қаңтар, 2026 16:46