Елімізде "7-20-25" бағдарламасы ұзартылмақ
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "7-20-25" бағдарламасы ұзартуды ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министр Қайырбек Өскенбаевтің айтуынша, бүгінде халық та, банктер де бағдарламаның жалғасқанын қолдап отыр.
"7-20-25" бағдарламасы аяқталуға таяу. Бірақ халық та, банктер де бұл бағдарламаны ары қарай жалғастыруды ұсынып отыр. Біз де ол мәселені көтеріп, ұлттық банкке өз ұсыныстарымызды беріп жатырмыз. Бірақ қандай шешім болатыны әзірше белгісіз. Оны әлі ақылдасып жатырмыз", – деді Өскенбаев үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
"7-20-25" бағдарламасы бойынша дайын жаңа баспана сатып алуға болады. Алайда өтініш беруші тұлғаның атында ешқандай баспана болмауы керек.
Мөлшерлеме – 7%, ең төменгі жарна – кемінде 20%-і, мерзімі – 25 жылға дейін. Бағдарламаның нақты мерзімі жоқ.
Бірақ оған бөлінген 1 триллион теңге көлеміндегі соманы игергеннен кейін бағдарламаны жабу жоспарланып отыр.