"Еліміз сатылмайды": Гренландия мен Дания тұрғындары Трампқа қарсы жаппай ереуілге шықты
Фото: Martin Sylvest Andersen/Getty Images
Гренландия мен Данияда мыңдаған адам Трамптың Гренландияны “басып алу” мүмкіндігі туралы мәлімдемелеріне қарсы наразылық акцияларына шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Акциялар Гренландия астанасы Нуук және Данияның бірнеше қаласында, соның ішінде Копенгагенде де өтті. Наразылық шараларын гренландиялық және дат қоғамдық ұйымдары ұйымдастырды. Inuit бірлестігінің жетекшісі Камилла Сизингтің айтуынша, акцияға қатысушылар Дат корольдігіне құрмет көрсетуді және Гренландияның өзін-өзі анықтау құқығын талап ететінін айтты.
Наразылық акцияларының басталуына Дональд Трамптың бұған дейінгі мәлімдемелері себеп болды. Ол Гренландияны АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін аса маңызды аумақ деп атап, тіпті қажет болған жағдайда күш қолданатынын мәлімдеді. Оған қоса, 17 қаңтарда Трамп өз жоспарына қарсы шыққан Еуропа елдеріне экономикалық қысым көрсететінін айтып, сауда шектеулерін енгізетінін жеткізді.
Фото: Martin Sylvest Andersen/Getty Images
Оның айтуынша, 1 ақпаннан бастап АҚШ Дания, Норвегия, Швеция, Франция, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд пен Финляндиядан жеткізілетін тауарларға 10%-дық баж салығыы енгізіледі. Ал 1 маусымнан кейін бұл көрсеткіш 25%-ға дейін өсуі мүмкін. Трамп бұл шектеулер Гренландияны АҚШ толық бақылауына алғанға дейін күшінде болатынын айтты.
Дания астанасы Копенгагенде өткен наразылық кезінде адамдар “Гренландиядан қолыңды тарт”, “Янкилер, үйлеріңе қайтыңдар!” және “Гренландия сатылмайды” деген жазуы бар плакаттар алып жүрді. Дат режиссері Шарлотта Сакс Боструп ел тұрғындарының көпшілігі мұндай мәлімдемелердің ашық түрде айта алғанына таңғалып, алаңдаушылық білдіріп отырғанын жеткізді.
Фото: Martin Sylvest Andersen/Getty Images
Гренландиялық саясаткер Эрик Йенсеннің сөзінше, бұл жағдайда ең бастысы бірлік сақтау қажет.
“Гренландияның сатылмайтынын және АҚШ құрамына кіруді қаламайтынын бүкіл әлемге анық көрсету қажет”, – деді Йенсен.
Ал Гренландия астанасы Нуук қаласында өткен шеруге елдің премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен де қатысты. Наразылыққа шыққандар АҚШ елшілігіне қарай жүріп өтті. Сондай-ақ “Гренландия сатылмайды” және “Болашағымызды өзіміз шешеміз” деген ұрандар айтты. Шеруге қатысушылардың бірі Алан Амструп адамдардың болашағына алаңдап отырғанын және өз елінде тыныш өмір сүргісі келетінін айтты.
Сауалнамаларға сәйкес, Гренландия халқының шамамен 85%-ы АҚШ құрамына қосылуға қарсы.
Еске салсақ, бұған дейін Трамп Гренландияны АҚШ-қа қосу оның стратегиялық орналасуы мен жоғары технологиялық салалар үшін аса маңызды пайдалы қазбалар қорының молдығына байланысты АҚШ-тың қауіпсіздік мүдделеріне сай келеді деп мәлімдеген еді. Артынша Данияның премьер-министрі Трампты Гренландияға қатысты қоқан-лоқыларын тоқтатуға шақырды.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты