Елге қайтарылған активтер: Ақтауда 4,6 миллиард теңгеге жедел жәрдем станциясы салынады
Ақтауда қайтарылған активтер есебінен жылына 100 мың шақыртуға қызмет көрсетуге қауқарлы облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы салынады. Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан 4,6 млрд теңге бөледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Нысанның құрылысы Ақтау қаласының 34А шағын ауданында орналасқан 2,6 гектар жер учаскесінде жоспарланған. Жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының құрамына оқу-симуляциялық орталық, санитарлық көліктерге арналған жөндеу және жуу базасы енеді. Жобаның жалпы құны 4,8 млрд теңге деп бағаланған. Оның 100 млн теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген.
Қазір нысанның дайындық деңгейі 10%-ға тең: жер қазу жұмыстары аяқталып, ішкі инженерлік желілердің құрылысы жүргізілді. Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаражат жобаны белгіленген кестеге сәйкес толық аяқтауға мүмкіндік береді.
Бүгінде Ақтауда 200 мыңға жуық адам тұрады. Аймақ бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Соңғы 7 жылда қалада 10 жаңа шағын аудан салынды. Жаңа жедел жәрдем станциясының құрылысы халықты қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына шамамен 55,2 млрд теңге бөлді. Олардың қатарында 4 мектеп, оның біреуі 1 музыкалық мектеп, 2 спорт кешені, көпсалалы аурухана кешені, жатақхана және 2 балабақша бар. Сондай-ақ "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заңға сәйкес субъектілердің қаражаты есебінен Арқалық, Астана және Алматы қалаларында бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынып жатыр.