"Елге айтқанға ұят": Талдықорғанда 4 миллиардқа жуық ақшаға салынған мемлекеттік үйлердің төбесінен су сорғалап жатыр
Талдықорғанда мемлекеттік "Шаңырақ" бағдарламасымен берілген үйлердің төбесінен су сорғалап жатыр. Қақаған аязда тұрғындар азынаған үйдің тесілген жерлерін бітеумен әлекпіз дейді. Баспананың машақатын көріп келеміз деген халық ай сайын 100 мың теңге ипотека төлеп отырғандарын айтады. Ал әкімдік болса мемлекеттің 3 миллиард 700 миллион теңгесіне салынған 204 коттедждің сапасыз салынғанын мойындап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Екі жыл бұрын қоныстанған тұрғындар баспанаға жасаған жөндеуіміздің барлығы бүлініп жатыр дейді. Түскағаздың өзін ұстасаңыз, қабырғадан су сорғалай жөнеледі деп отыр.
“Аузымыздан жырып тұрып осыған төлеп отырмыз. Әйтеуір елге күлкі, дұшпанға таба болмайық деп. Ұят елге айтқанға. Ел көрмесін деп едік, енді көрсін қандай хәлде тұрып жатқанымызды”, – дейді коттедж қалашығының тұрғыны Қалипа Егеубаева.
“Кешке қатады да, күндіз қар ерігенде су сорғалайды. Кәдімгідей леген қойып, төгіп отырамыз”, – дейді тағы бір тұрғын.
Тұрғындар тіпті мына газ құбырларының өзі сәндік үшін тұрғанын айтады. Себебі, бұл үйлер әлі көгілдір отынға қосылмапты.
Тұрғындар бұл үйлерді картон қағазы сияқты дейді. Төбесін қанша қалыңдатып жапсақ та, жағдай реттілмей отыр деп ашулы. Күн сәл суытса үйде отыру мүмкін болмай қалады дейді. Ал әкімдіктегілер коттедж қалашығындағы 3,7 миллиард теңгеге салынған 204 зәулім үй талапқа сай емес деп отыр.
“Коттедж шағын қалашығындағы 204 үй салынған, бірақ сапасы төмен. Осы бойынша қазіргі дефектілерін олар не ауыстырады немесе қазіргі құқық қорғау органдарымен облыстық, қалалық прокуратураның басты назарында. Қылмыстық іс қозғалған”, – дейді Талдықорған қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі Мәди Шәкенов.
Осылайша Талдықорғанда коттедж қалашығының тұрғындары сапасыз үйдің зардабын көрумен келеді. Енді тұрғындар үйдегі ақаудың тез арада жөнделуін талап етуде. Егер талабымызға әкімдіктегілер құлақ аспаса жолды жаппақ. Ал бұл үйлерді тұрғындар шамамен 15 миллион теңгеге 10 жылға "Шаңырақ" бағдарламасы арқылы алған.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
