Елена Рыбакинаның әлемнің бірінші ракеткасы атануға мүмкіндігі бар – Диас Досқараев

Теннистен Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Диас Досқараев Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атануға мүмкіндігі бар екенін айтуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның сөзінше, дәл осы мақсатта Рыбакина алдағы уақытта Абу-Дабиде өтетін 500 ұпайлық турнирге қатыспай, Катардағы 1000 ұпай берілетін жарысты таңдаған.
“Кез келген теннисшінің арманы – әрине, Олимпиада ойындарында топ жару. Үлкен дулыға турнирлерін ұтудың орны бөлек. Бірақ әлемнің бірінші ракеткасы болу – спортшының чек-листіндегі ең жоғары мақсат. Қазір ұпай жағынан қарасақ, Арина Соболенкомен айырмашылық өте үлкен. Бірақ Ига Швентекпен арасын бірнеше жүздеген ұпай бөліп тұр. Сондықтан Еленаның көздеген межесіне жетуіне мүмкіндігі бар. Ол сол үшін Абу-Дабидегі 500 ұпай беретін турнирге қатыспай, Катарда 1000 ұпайлық жарысқа барады. Өте дұрыс шешім деп ойлаймын.
Елена – Үлкен дулығаны екі рет ұтқан теннисші. Бірақ Қазақстан тарихында әлі әлемнің бірінші ракеткасы болған ойыншы жоқ. Өз басым елімізден сондай теннисші шықса екен деп армандаймын. Бірақ денсаулық бәрінен жоғары тұрады. Егер денсаулығы дұрыс болса, қалғаны өз ретімен келеді”, – дейді Диас Досқараев.
Айта кетейік, Елена Рыбакина жақында Australian Open 2026 турнирінде топ жарып, WTA рейтингінде үшінші орынға көтерілді. Сонымен қатар айтулы жеңісі үшін Рыбакина 2 миллион 793 мың доллар көлемінде жүлдеге ие болды. Бұл ұлттық валютаға шаққанда шамамен 1 миллиард 407 миллион теңге болады.
Байрақты бәсекенің шешуші сынында ол әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенканы жеңген еді.
"Төрт жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алған": Сарапшы Шарлапаевтың "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына тағайындалуын сынға алды